Елге белгілі блогер Рысбала Икрамбай отбасындағы ауыр жағдай жайлы сыр шертті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Рысбала Икрамбай бұған дейін бір перзентіне даму ерекшелігіне байланысты диагноз қойылғанын көпшілікпен бөліскен болатын. Кейін ол кіші ұлы Расулдың да өзіне қарата айтылған үнге селқос қарайтынын аңғарып, алаңдай бастаған. Осындай белгі байқалған соң, ана бірден маман кеңесіне жүгінуді жөн көрген.
Оның айтуынша, соңғы күндері көңіл күйінің құбылуы да осы уайыммен тікелей байланысты. Бұрын дәл осындай жағдайды бастан өткергендіктен, бұл жолы ештеңені созбастан баласын дәрігерге көрсеткен. Қабылдау кезінде естіген сөздер оған ауыр тиіп, эмоциясын жасыру қиын болған.
"Білесіздер, бір балама “ЗПР” диагнозы қойылған. Жақында төртінші балам Расулды атымен шақырсақ, назар аудармайтынын байқадық. Бұған дейінгі тәжірибеміз бар болғандықтан, бірден дәрігерге апардық. Дәрігердің “өзіңіз де түсініп тұрсыз ғой” деген сөзінен кейін көз жасымды ұстай алмадым", – деді блогер.
Қазір ол бар назарын баласының жағдайын жақсартуға бағыттап отыр. Ана ретінде ем алу, түзету жұмыстары және оңалту шараларын үзбей жалғастырып, ұлының денсаулығына барынша көңіл бөліп жүргенін жеткізді.