Қытай ғалымдары өзін-өзі тазалайтын киім ойлап тапты

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Қытайлық ғалымдар жуатын заттарды қолданбай-ақ киімді тазалауға мүмкіндік беретін жаңа технология ұсынды. Бұл туралы Phys.org хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Communications Chemistry журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, мамандар матаға арналған өзін-өзі тазалайтын арнайы жабын әзірлеген. Ол судың көмегімен кір мен микроорганизмдерді оңай жоюға мүмкіндік береді.

Жаңа әдістің негізінде екі полимерді полидиаллилдиметиламмонийхлорид (PDADMAC) пен поливинилсульфон қышқылын (PVS) кезекпен шашу технологиясы жатыр. Осылайша молекулалар бір-бірімен байланысып, су тартатын тұрақты қабат түзеді. Нәтижесінде мата кірді ұстамай, қарапайым сумен шайғанда-ақ тазарады.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жабын 100-ден астам жуу цикліне төзімді, суды және электр энергиясын шамамен 82%-ға дейін үнемдейді, жуу уақытын айтарлықтай қысқартады.

Технология синтетикалық та, мақта маталарда да тиімді екенін дәлелдеген. Ол майлы дақтарды, тағам қалдықтарын, бактериялар мен саңырауқұлақтарды жоя алады.

Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалық дәстүрлі кір жуу процесін түбегейлі өзгертуі мүмкін: жуғыш ұнтақтың орнына қарапайым шаю жеткілікті болады.

Тэгтер:

ғалымдар киім