22 наурыз күні Сағадат Нұрмағамбетов көшесінде патрульдік полиция қызметкеріне көмек сұрап жасөспірім жүгінген. Ол екі бейтаныс жас жігіттің агрессивті әрекеті туралы айтқан, деп хабарлайды turkystan.kz.
ШҚО ПД мәліметінше, оқиға орнына келген полицей аталған азаматтардың бағынбауына тап болған. Алдын ала деректерге сәйкес, мас күйде болған екі тұрғын полиция қызметкерінің заңды талаптарын елемей, оған шабуыл жасаған.
«Оқиғадан кейін шабуыл жасағандар қашып кеткен, алайда олар жедел түрде анықталып, ұсталды. Олардан қару тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп хабарлады ШҚО ПД.
БАҚ мәліметінше, оқиға салдарынан полиция қызметкері оқ жарақатын алған. Қазіргі уақытта ол медициналық мекемеде жатыр, жағдайы тұрақты деп бағалануда. Шабуыл жасағандар офицердің қызметтік қаруын иемденіп алғаны айтылуда.
Қала полиция басқармасы қызметтік міндетін атқару барысында билік өкіліне топ болып өміріне қауіпті күш қолдану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.