«Өте қауіпті болды»: Зейнеттегі спецназ Рыжий Алмазды қалай ұстағанын айтып берді

Бүгін, 06:57 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

90-шы жылдары қылмыс әлемінің серкелерін ұстаған арнайы жасақ қызметкері қауіпті операциялардың қалай жүзеге асқанын айтып берді. Бұл туралы turkystan.kz Caravan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Дәулет Темірханов «Qazaq Uni» YouTube арнасына берген сұхбатында елді шулатқан рэкеттерді ұстау барысында қандай қиындықтарға тап болғанын айтты.

«90-шы жылдары рэкеттер өте қауіпті болды. Себебі олар ұйымдасқан қылмыстық топтар еді. Сары Алмаз, Қара Алмаз, Адай тобы, Киса, Атаба секілді топтар көп болды. Соларға қарсы күресу үшін Алматы және басқа қалалардағы ішкі істер органдарында арнайы басқарма құрылды. Ол — Рэкеттермен күрес басқармасы деп аталды. Бұл топтардың барлығы бұрынғы спортшылар болатын.
Мен 1993 жылы Алматы қаласында арнайы мақсаттағы алғашқы бөлімді құрдым. Ол кезде рэкеттер Mercedes, BMW секілді жылдам жүретін шетелдік көліктермен жүрсе, біз «Жигули», «УАЗ» секілді көліктерді қолдандық. Оларға қуып жету біздің бөлім үшін өте қиын болды. Олардың қолында спутниктік байланыс болса, бізде қарапайым радио ғана болды, оның өзі бірде істеп, бірде істемейтін. Осындай қиындықтар көп еді. Қару-жарақ пен көлік жағынан ішкі істер саласы әлсіз болды», — дейді ол.

Отставкадағы полиция полковнигі сол кездегі арнайы жасақ сарбаздарының адалдығына да ерекше тоқталды.
«Киса лақап атымен танылған Қайрат Мысықбаев 1994 жылы Олимпиадаға кетемін деп билет алып қойған екен. Сол кезде оны ұстау үшін бізге тапсырма түсті. Біз оны қолға түсірдік.Сол сәтте Қайрат: “Еденнің астында 200 мың теңге жатыр, соны ал да мені қоя бер”, — деді. Егер оны босатып жіберсек, “қашып кетті, ұстай алмадық” деп ешкім білмей де қалар еді. Бірақ біздің жігіттер бұған келіскен жоқ. Адалдық деген — осы», — дейді ол.

Сондай-ақ, ол «Рыжий Алмазды» ұстау операциясы қалай өткенін де баяндады.

«1994 жылы басқармадан шұғыл хабар келді. Жедел түрде шығуымыз керек болды. Оның Алматының ортасында үлкен үйі бар екен, сол жерде тұрады. Сарбаздарды үш топқа бөліп, операцияға кірістік. Ол есіктің алдында тұр екен. Бізге қарсылық көрсеткен жоқ. “Есік ашық тұр, неге секіріп жүрсіңдер?” деп күліп қарсы алды. Өте сөзге шешен, ақылды, дипломат жігіт еді.
Үйіне кірсек, қара пантерасы бар екен. Қару-жарақтары да тізіліп тұр, барлығының құжаты бар. Адаммен жақсы сөйлеседі, заңды да біледі, психолог сияқты адамды өзіне тарта алады. Қазір кейбіреулер оны “халық батыры” секілді көрсеткісі келеді. Ол кәсіп бастағанда кавказ ұлтының өкілдері тартып алмақшы болған. Содан қорғану үшін өзі де рэкетке айналған», — дейді ол.

Дәулет Темірханов — отставкадағы полиция полковнигі, Қазақстан Республикасындағы арнайы мақсаттағы бөлімнің негізін қалаушы, Ішкі істер министрлігінің құрметті қызметкері және қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы.