Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды

Бүгін, 14:19 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Осы күрделі ахуалға қарамастан, біз барлық сын-қатерді еңсеріп, алға қарай нық сеніммен қадам басып келе жатырмыз.

Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Жалпы ішкі өнім 306 миллиард долларға жетті. Ал оның жан басына шаққандағы үлесі алғаш рет 15 мың доллар болды. Бұл – ТМД елдерінің арасындағы рекордтық көрсеткіш.

Алтын-валюта қорымыз 74 миллиард долларға жуықтады. Біз осындай жоғары деңгейге Тәуелсіздік тарихында алғаш рет жетіп отырмыз.

Орталық Азия аймағына тартылған таза шетел инвестициясының 69 пайызы Қазақстанға тиесілі. Шағын және орта бизнестің ұлттық экономикадағы үлесі бүгінде – 40 пайыз.

Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,9 жасқа жетті. Біз биыл әлемдегі экономикасы аса ірі 50 елдің қатарына қосылдық.  Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша жаһандық экономиканың дамуына үлес қосып отырған дүние жүзіндегі 25 мемлекеттің бірі атандық.

Еліміздің ынтымақ-бірлігі мен халқымыздың табанды еңбегінің арқасында орасан зор табысқа қол жеткіздік. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды», деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы елімізді шын мәнінде Өркендеген және Озық ел ету үшін ауқымды әрі жүйелі жұмысты қолға алғанын атап өтті.

«Қазір арқаны кеңге салатын заман емес. Әлемдік және аймақтық бәсеке күшейіп бара жатыр. Біз Қазақстанды шын мәнінде Өркендеген және Озық ел ету үшін ауқымды әрі жүйелі жұмысты қолға алдық.

Қазірдің өзінде бұл жұмыс нақты нәтижесін беріп жатыр. Мысалы, соңғы екі жыл қатарынан өңдеу өнеркәсібінің өсімі 6 пайыздан асты. Үкіметтің дерегіне сәйкес, былтыр елімізде 190 кәсіпорын ашылып, 22 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында 250 өндіріс іске қосылды. Ауылдағы шаруаларға жағдай жасау үшін мемлекет бюджетінен 1 триллион теңгеден астам субсидия бөлінді. Мұндай қолдау Тәуелсіздік тарихында бұрын-соңды болмаған.

Алайда, біз ауыл шаруашылығының тиімділігін күшейтуіміз керек. Бұл саладағы өндірістің құнын ұлғайту қажет.

Биыл 222 су шаруашылығы нысаны салынып, жаңғыртылып жатыр. Еліміздегі 37 жылу электр станциясы жөнделуде. Сонымен қатар Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр станциялары салынатын болады. Биыл 440 қосалқы станция және 17 мың шақырымнан астам электр желісі жаңартылады.

Былтыр 1500 шақырым темір жол салынып, жөндеуден өтті. Бұл да  рекордтық көрсеткіш. Биыл 3700 шақырымнан астам жаңа теміржол желісі төселіп, іске қосылады.

Ал автокөлік жолдарына келсек, былтыр жалпы ұзындығы 13 мың, соның ішінде жергілікті маңызы бар 3 мың шақырым тас жол жөндеуден өтті.

Биыл тағы 2300 шақырымға созылатын жергілікті жолдар жаңғыртылады. Алдағы үш жылдың ішінде 32 мың шақырым жол нормативтік талапқа сай жөнделеді.

Жол – стратегиялық мәні айрықша мәселе, себебі, сапалы жол болса, жұртымыз тұрмыс-тіршілігін жақсартып, кәсібін дамыта алады, бұл белгілі нәрсе.

Алайда, біз бұдан да биік мақсаттарға қол жеткізуіміз керек. Жаңа Конституциямыз жаңа жетістіктерге жол ашып, зор табысқа жетуімізге кепіл болары анық. Мен бұған кәміл сенемін», деді Президент.