Мемлекет басшысы: Жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды

Бүгін, 13:53 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz

«Өздеріңізге мәлім, мен осы аптаның басында Қазақстан Республикасының Конституциясына және Бас құжаттың ережелерін іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді 1 шілдеден бастап Конституция өз күшіне енеді.

Ал Конституция күнін біз бәріміз біртұтас халық болып референдум өткізілген күні, яғни, 15 наурызда жыл сайын мемлекеттік мереке ретінде атап өтеміз, тойлаймыз», деді Президент.

Мемлекет басшысы жалпыхалықтық референдумда жастарымыздың белсенділігі, жаңашылдығы және жауапкершілігі айқын көрінгенін айтты.

«Олар Отанына адал, ойы озық, жасампаз азаматтар ретінде өздерінің жарқын келешегіне қатысты таңдауын жасады.

Жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды, бұл жастарға арналған құжат десек, қате болмайды. Төрге озған Халық Конституциясы жастарға жөн сілтейді, өмір жолын көрсетеді. Жаңа Ата заң жас ұрпақпен бірге жасай береді», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент шын мәнінде жанашыр ұрпақ қана Қазақстанның көркеюіне мол үлес қоса алатынын айтты.

«Қазір Түркістан облысында 700 мыңға жуық жас азамат тұрады. Бұл – тұрғындардың үштен бірі деген сөз. Киелі орданың тарихы қандай терең болса, болашағы да сондай жарқын болады деп сенімді түрде айтуға болады.

Осы көп жас азаматтарымыз тұратын жерде тағы да мынадай сөзімді айтқым келеді: мен Президент ретінде еліміздің жастарына, олардың біліміне, қабілетіне, күш-қуатына зор үміт артамын.

Елімізге жаны ашитын, яғни шын мәнінде жанашыр ұрпақ қана Қазақстанның көркеюіне мол үлес қоса алады. Еліміздің келешегі – отаншыл, жасампаз, жауапкершілігі мол жастардың қолында. Бұл да ақиқат десек, орынды болар.

Нағыз отаншыл азамат дегеніміз, бұл – ең алдымен өз жұмысын адал орындап, адал еңбек етіп жатқан адам. Адал еңбекпен келген табыс берекелі болады. Жалқау, еріншек адам ешқашан отаншыл азамат бола алмайды. Қоғамымызға жалаң ұран, бос әңгіме, құрғақ уәде, қызыл сөз керек емес, нақты іс қажет.

Отаншылдық дегеніміз әдемі сөз сөйлеп, жұрт алдында керемет болып көріну емес, бұл – ең алдымен елге пайда әкелу, Отанға деген адалдықты нақты іспен көрсету», деді Мемлекет басшысы.