Оқушылар жатақхана ішінде білім алуда

Оқушылар жатақхана ішінде білім алуда

Оқушылар жатақхана ішінде білім алуда
ашық дереккөзі
Оңтүстік Қазақстан облысының шалғайдағы ауылы мектепке зәру, деп хабарлайды 24.kz арнасы. Арнаның хабарлауынша, мұндағы оқушылар жатақханада оқуға мәжбүр. Оның өзі бір кездері мақта  терімшілерге арнап тұрғызылған екен. Сарыағаш ауданындағы Жылысу және   Жаңаталап ауылының балалары үшін спорт зал мен арнайы пәндер кабинеті   арманға айналған. Үміті үзілген ата-аналардың алды балаларын көлік   жалдап, аудан орталығындағы мектепке тасып жүр. Қызыл кеңірдек болған  ата-ананың жалғыз ғана арманы бар. Ол – ұрпағының заман талабына сай  білім алуы. Жаңа мектепті 30 жыл күткен жұрт төзімі таусылғанын айтады. Көкейлерін ыза кернеген көпшілік мектеп басшылығы мен биліктің құрғақ  уәдесінен әбден мезі болған. Көрші жатқан екі ауыл балаларының кәдесіне  жарап отырған білім ұясының бірі сонау 1961 жылы салынған. Ал екінші  ғимараттың іргетасы қаланғанына 40 жылдан асыпты. Бұрынғы кеңсе мен  мақта терімшілердің жатақханасында бүгінде 300-ден астам бала оқып  жатыр. Ауыл балары үшін мәдениет пен спорт залы арманға айналғаны қашан. Оқушылар қабырғасы үгітіліп, едені ойылып тұрған ғимараттың бір  бөлмесіндегі жалғыз ғана теннис столына сағаттап телміріп кезекке тұрады. Оның өзін алдыңғы бітіріп кеткен түлектер сыйға тартыпты. Екі ауылдың балалары бір кездері  медициналық пункт пен жібек құрт бағылған ғимаратта оқып жатыр. Соған қарамай үлгерімдері тәп-тәуір.  Дегенмен балалардың жаңа мектепте оқимыз деген арманы бұл жылы да орындалмайтын түрі бар. Өйткені билік жаңа мектептің көрші ауылдан  салынатынын жеткізді. «Осындай айқай болып жатқаннан кейін күрделі жөндеу өткіздік 2014 жылы. Біздің әлі салынатын мектебіміз өте көп. Біразы бар. Кезең-кезеңмен болып жатыр. Біз нақты нүкте қойдық. Бұл жерде 2019-2020 жылы нақты 300 орындық мектеп салынады», – дейді Сарыағаш аудандық білім бөлімінің методисі Бекжан Балабеков.