«Кіммен екенін айтпай-ақ қояйын»: Нұржан Керменбаев елге беймәлім қасиеті туралы айтты

Бүгін, 10:27 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Белгілі әнші Нұржан Керменбаев “ҚызықTimes” бағдарламасына қонақ ретінде қатысып, шығармашылығындағы жаңалықтарын бөлісті. Сонымен бірге ол өзінің елге беймәлім қасиеті жөнінде де айта кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Нұржан Керменбаев кешті өзінің көпшілік жақсы көретін "Сенен басқа" әнімен бастады.

Әнші бағдарлама барысында алдағы уақытта көрермендерін жаңа туындыларымен қуантатынын жеткізді. Сөзінше, ол жаңа әндер жазып, алда концерт беруді жоспарлап отыр.

"Арнайы оннан аса ән дайындалып жатыр. Оның ішінде дуэттер де бар. Кіммен екенін айтпай-ақ қояйын. Кішігірім құпия болсын. Жаңа музыканттармен, жаңа композиторлармен жұмыс істеп бастадық. Мен негізі әндеріме өте мұқият қараймын. Маған ұнамай қалатын әндерім де көп кездесетін. Бірақ осы жолы ұнап жатыр...

Менде перфекционизм деген дүние бар екенін отыздан кейін біле бастадым. Өзіме үңіле бастап, өзімнің қандай екенімді тани бастағанда түсіндім. Әр нәрсе өз орнында тұратын болса, миым тынышталады екен. Ал креатив үшін, басқа да шығармашылық дүние үшін миың тыныш болуы керек екен.", - дейді ол.

Әнші әдетте сұхбаттарға жиі бара бермейтінін айтып, көрермендермен ашық әңгіме өрбітті. Кішігірім сұрақ-жауаптан кейін ол жүрекке жақын "Жаным-арманым" әнін орындап, студиядағы атмосфераны одан әрі жылыта түсті. Ал екінші әннен кейін тыңдармандарды тағы бір хитімен қуантты — "Мың сұрақ" әні жанды дауыста шырқалды.

Бағдарлама барысында Нұржан бұрын жиі киетін шляпасының орнына неге кепкаға ауысқанын да айтып берді. Бұл да көрермендер үшін қызықты әңгімелердің бірі болды.

Келесі кезекте әнші "Мұның дұрыс болмады" әнін орындап, бұл ән кезінде Жанармен дуэт болғанын еске алды. Әңгіме арасында тағы бір қызық деректі бөлісті: бүгінгі таңда көптеген әнші кино түсіріп жатқанымен, сол үрдісті алғаш бастағандардың бірі өзі болғанын айтып, сол фильмге байланысты күлкілі әрі есте қалған оқиғаларын баяндады.

Бағдарлама "Есіңде ме?" әнімен жалғасты. Сонымен қатар Нұржан Керменбаев Super Star жобасының 3-маусымында жеңімпаз болған кезін еске алып, сол уақыттағы қызықты естеліктерін бөлісті. Әңгімеден кейін көрермендерге "Ерекше" әнін орындап берді.

Бағдарлама барысында ол Қазыбек Құрайышты ерекше мақтап, оның "Таптым-ау сені" әнін акапелла орындап берді. Сондай-ақ өз әндеріне жасалатын каверлерді аса ұната бермейтінін де жасырмай айтты. Дегенмен көрермендерге ерекше сый ретінде Ғаділбек Жанайдың "Есте сақта" әніне кавер орындап, студияны тағы да бір әсерлі сәтке бөледі.

Кештің соңында Нұржан Керменбаев бағдарламаны "Жылайды жүрек" әнімен аяқтап, тыңдармандарға нағыз музыкалық ностальгия сыйлады.