АҚШ-тағы Columbia University Mailman School of Public Health ғалымдары қаржылық жағдайдың нашарлауы адамның когнитивті денсаулығына тікелей әсер ететінін анықтады. Зерттеу нәтижелері American Journal of Epidemiology журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдардың мәліметінше, орта және егде жаста қаржылық жағдайдың төмендеуі жадының әлсіреуіне және деменция қаупінің артуына әкеледі. Әсіресе бұл үрдіс уақыт өте келе күшейе түссе, әсері айқынырақ байқалады.
Зерттеу барысында 50 жастан асқан 7,6 мыңнан астам адамның деректері талданған. Нәтижесінде қаржылық жағдайы күрт нашарлаған адамдардың есте сақтау қабілеті жыл сайын шамамен қосымша бес айға «қартаятыны» анықталған. Яғни когнитивті функциялар табиғи қартаюдан да жылдамырақ әлсірейді.
Сарапшылар қаржылық тұрақсыздықтың миға әсерін бірнеше фактормен түсіндіреді:
– созылмалы стресс деңгейінің артуы
– сапалы медицина мен дұрыс тамақтануға қолжетімділіктің төмендеуі
– әлеуметтік оқшаулану
Әсіресе 65 жастан асқан адамдар бұл тұрғыда әлдеқайда осал келеді. Себебі олардың табыс көздері шектеулі – зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерге тәуелді.
Зерттеудің тағы бір қызықты тұсы – қаржылық жағдайдың жақсаруы әрдайым когнитивті функциялардың қалпына келуіне әкелмейді. Бұл миға келген өзгерістердің кейде қайтымсыз болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Ғалымдар бұл нәтижелер қаржылық әл-ауқат тек экономикалық емес, сонымен қатар денсаулық факторы екенін дәлелдейді деп отыр. Яғни қарапайым тілмен айтқанда, тұрақты табыс – тек жайлы өмірдің емес, мидың саулығының да кепілі.