Ұлт құндылығы: 11 500 бала күй шертті

Бүгін, 17:15 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Алматыда Наурыз мерекесі қарсаңында бұрын-соңды болмаған ауқымды музыкалық флешмоб ұйымдастырылды. Almaty Arena мұз сарайында ұйымдастырылған «Домбыра үні» атты флешмобта бір мезетте 11 500 оқушы домбыра тартып, Қазақстан рекордын жаңартты.

Дайындығы бірнеше айға жалғасқан бұл іс-шараға жалпы саны 200-ден астам мек­теп пен қосымша білім беру ұйымдарында біріккен домбыра ансамбльдері қа­тыс­ты. Оларды 1 000-нан астам педагог дайындады. Флешмобқа 7-10 сынып оқу­шы­лары қатысты.
Іс-шара барысында тек бір күй ғана емес, арнайы әзірленген музыкалық попурри де орындалды. Бағдарламаға Төлеген Мұхамеджанов пен Алтынбек Қоразбаевтың шы­ғармалары, сонымен қатар Нұрғиса Тілендиевтің күйлері, сондай-ақ Құр­ман­ғазының «Балбырауын» күйі заманауи өңдеуде енгізілді. Қойылым мазмұны заманауи тех­нологиялармен толықтырылып, жасанды интеллект негізінде арнайы бей­не­маз­мұн әзірленді.
Қазақстан рекордтар кітабының сарапшылары флешмоб нәтижесін ресми түрде тір­кеп, қатысушылар саны, орындау үйлесімі мен ұзақтығын тексерді. Нәтижесінде, бұл көрсеткіш «Жаппай жетістіктер» санаты бойынша жаңа ұлттық рекорд ретінде та­нылды.
Осылайша, бұл бастама ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, жас буынның мәдени құн­дылықтарға деген қызығушылығын арттырған тағылымды жобаға айналды.

Темірлан ШОТАНОВ,  
Алматы қаласы Білім басқармасының қызметкері:

Ұлттық өнермен сусындаған ұрпақ

– Бұл идеяның негізі ұлттық құндылықтарымызды заманауи форматта дәріптеуден бастау алды. Алматы – мәдениет пен білімнің ордасы, сондықтан біз оқушылардың бүгінде домбыра үйірмелеріне көптеп баратынын көрсеткіміз келді. Ұлттық аспапта ойнау тек өнер емес, бұл – ұрпақтар сабақтастығы. Наурыз мейрамы қарсаңында мыңдаған баланың басын қосып, қазақтың күйін ас­қақтату арқылы еліміздің рухын көтеруді мақсат еткен болатынбыз.
Бұл іс-шараны ұйымдастырудағы ең үлкен қиындық – 200-ден астам мек­тептен 11 мың баланы бір уақытта Almaty Arena-ға жеткізу болды. Олардың қауіпсіз­ді­гін қам­тамасыз ету үлкен дайындықты талап етті. Сонымен қатар оларды та­сы­­мал­дайтын автобустарды әзірлеу де оңай шаруа емес. Музыка пәнінің мұғалімдері бәрін ойдағыдай өткізу үшін бір ай бойы тынымсыз еңбек етті. Мұны қалалық білім беру жүйесінің үйлесімді жұмысының нәтижесі деп білеміз.
Мұндағы басты мақсат – өскелең ұрпақтың бойында ұлттық бірегейлікті қа­лып­тастыру және домбыра өнерін насихаттау. Біз балалардың тек гаджеттерге тел­мірмей, өз халқының мәдени мұрасына мақтанышпен қарағанын қаладық. Бұл іс-шара – Қазақстанның рекордтар кітабына ену ғана емес, бұл – балалардың жүре­гіне отансүйгіштік нәрін егу.
Алдағы уақытта басқа форматтағы бастамаларды іске асырсақ деген ойымыз бар. Сондықтан осындай ауқым­ды іс-шараларды дәстүрге айналдыруды көздеп отырмыз. Мұндай іс-шаралар жастарды бірлікке, ұйымшылдыққа және тәртіпке тәрбие­лейді. 11 мың бала бір сахнада тұрғанда өздерін бір тұтас күштің бөлшегі ретінде сезінетіні хақ. Осылайша, ұлттық өнермен сусындаған бала өз елінің патриоты болып қалыптасады.

Тэгтер:

домбыра күй