Астанада 18 мың бала асық ойнады

Бүгін, 17:00 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында бір мезетте 18 мың бала асық ойнады. Бұл ауқымды іс-шара Цифрландыру жылы аясында Наурыз мерекесіне қарсаңында ұйымдастырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұн­дай бастамалар ұлттық құндылықтарды дәріп­теп, жас буынның дәстүрлі спорт түрлеріне қы­зығушылығын арттыруға септігін тигізеді.
Сонымен қатар бұл іс-шара барысында 3 000-ға жуық оқушы «Алтын сақа» атты әсерлі флеш­мобқа қатысты. Балалар арнайы қой­ы­лым арқылы асықтың «алшы» түсу бейнесін жә­не «Алтын сақа» жазуын құрап, ерекше ком­позиция әзірледі. Музыка ырғағымен орын­далған би қимылдары флешмобтың мазмұнын аша түсті. 
Бағдарламаның жүргізушісі ретінде «Ай­дар» атты жасанды интеллект пайдаланылды. Флеш­моб аяқталған соң, ол елордадағы барлық білім беру ұйымдарында – балабақшалар мен мектептерде асық ойынын бастау туралы сиг­нал берді. Осы сигналдан кейін қала бойынша бір уақытта 18 мыңнан астам бала асық ой­нап, төл ойынымызға қызығушылығы арта түс­кенін байқатты.

Нұрболат БӨГЕНБАЕВ, 
Түркі академиясының сарапшысы, PhD докторы:

Дәстүр мен спорттың тоғысы – асық

– Кеңес үкіметі кезеңінде ұлттық ойын­дарға, соның ішінде асық атуға «ерік­кеннің ермегі» ретінде қарау үрдісі кең таралғаны белгілі. Соның сал­д­а­ры­нан ұлттық ойындардың тәрбиелік, та­нымдық және әлеуметтік маңызы екін­ші қатарға ысырылып, олардың ор­нына формалды тәрбие құралдары ұсы­ныл­ды. Мұндай көзқарас сол дәуірдегі идеологиялық ұста­ным­дармен тығыз байланысты болса керек. Үлкендер тапсырған жұ­мыс­ты шала-шарпы бітіріп, асық ойнауға жүгіретін балалық шағы­мыз бәрінің есінде болар. Сондықтан «Асық ойнаған азар, доп ой­на­ған тозар» деген мақал сол кездері жиі айтылатын. 
Алайда қазір бұл мақалдың мағынасы түбегейлі өзгерді. Ақпа­рат­тық технологиялардың дамуына байланысты қала балалары ғана емес, ауыл балалары да уақытының басым бөлігін смартфон мен ком­пьютер алдында өткізеді. Бұл балалардың қозғалыс белсен­ділі­гі­нің төмендеуіне және денсаулыққа кері әсер ететін факторлардың көбеюіне алып келуде.
Асық ату – жаугершілік заманда балаларды әскери дайындыққа, мер­гендікке баулудың бір түрі болған. Бұл ойын баланың жүйке жүйе­сін шыңдап, байсалдылыққа тәрбиелейді. Қазіргі ғылым бала­ның ұсақ моторикасын дамыту (саусақ қимылдары) ойлау жүйесіне оң әсер беретінін дәлелдеп отыр. Асықты саусақпен иіру, алақанға тол­тырып ұстау – моториканы дамытудың ең тиімді әдісі.
Әр ойынның өзіндік ережесі мен мақсат-міндеті бар. Мысалы, «Хан талапай» – жылдамдық пен ептілікті қажет етсе, «Бесатар» – дәл­дік пен есепке негізделген ойын түрі. Бұл ойындар баланың дене қа­білеттерін ғана емес, стратегиялық ойлау дағдыларын да жетіл­діреді.
Асық ойыны – халқымыздың ежелден келе жатқан төл мұрасы. Хан­дық дәуірде бұл ойынның өте белсенді болғанын «Хан», «Тас қала», «Хан талапай» сынды атаулардан аңғаруға болады. Оның тари­хи бастаулары көшпелі қоғам өмірімен тығыз байланысты. Қола дәуіріне жататын жерлеу орындарынан боялған, шеттері қыр­ланып өңделген асықтардың жиі табылуы – осының айғағы. 
Ерте дәуірде асықтар тек ойын емес, магиялық нышан немесе әше­кей ретінде де қолданылған. Түркі дәуіріндегі қорымдар мен ғұрып­тық ескерткіштерде де асықтың түр-түрі кездеседі. Айта кету керек, асық – адамзатқа ортақ құндылық; тіпті Еуропаның анти­калық кезеңіне тән жәдігерлер арасында да асық үлгілері ұшырасады.
Сол сияқты асықты музыкалық аспаптарда қолданған. Атап айт­қанда, жетіген аспабына шағын, кішкене асықтарды таңдап ала­тын болған. Қазақта асықтың сақадан басқа ұтысқа тігілетін кішісін «ке­ней» деп атайды және мұның халық арасында «кентай», «ген» не­месе «ги» деген нұсқалары да кездеседі. Айналып келген, «кентай» да, «кеней» де, «ген» де асықтың шағын түрін білдіреді. Бұл сөздер әлі күн­ге халық аузында осылай қолданылады. Осындағы «кеней» немесе «кентай» сөздерінен кәдімгі ұсақ, шағын дегенді білдіретін «кі­ші кене», «кіші кентай» сөздері ауызекі тілде «кішкене», «кіш­кентай» болып айтылған. Сол сияқты бұл музыкалық аспап атауы да алғашында «жетікеней», «жетікен» болып айтылып, кейіннен тіл­дік ыңғайға қарай «жетіген» болып өзерген.
Бүгінде асық ойыны ұлттық спорттың бір түрі ретінде қайта жаң­ғыруда. Қазақстанда арнайы федерациялар құрылып, рес­пуб­ли­ка­лық және халықаралық деңгейде жарыстар өткізіліп келеді. Әсіре­се, Наурыз мейрамы кезінде асық ойындары ұлттық дәстүрдің ажырамас бөлігіне айналды.
Бірнеше жыл бұрын Астанадағы «Бәйтерек» монументі жанында ұйымдастырылған «Асық пати» жобасы жергілікті тұрғындар мен туристердің үлкен қызығушылығын тудырған еді. Ал жақында ғана елордада 18 мыңнан астам баланың бір мезетте асық ойнауын спорттың кең қанат жайып келе жатқанының көрінісі деуге болады.

Тэгтер:

асық