Менің ауылым аспанға бой созған алып таулардың ортасында. Піл сауырлы қыраттардың арасында тарыдай шашылған көп ауыл, әр сайда бөлек жайылған жылқы үйірі сияқты еді. Дұрысы, таң алдында жусап кеткен қалың жылқыдай бұйығып жататын. Сол көп ауылдың арасында менің ауылым ерекше болатын. Маркестің Макондосы сияқты.
Біздің жоғалтқанымыз көп қой. Біз адам тұрмақ дәуірлерді жоғалттық. Адамзат біздің ұлы өркениетіміз туралы мүлде ұмытқан. Енді соны өзіміз де ептеп ұмыта бастаған жайымыз бар. Маркестің кейіпкерлері сияқты.
Аңыз өрген даласы, әлі күнге мифтік санадан, ілкітөрден тамырын үзбеген адамдары болатын. Қазір қайнаған тіршіліктің ордасына айналып, қызыққұмар туристердің табанында қалған ауылымыз бұрын анамыздың баппен қайнатқан көжесіндей өз қазанында ғана бұрқылдап жататын.
Әкемді ойласам, оның бетіне ақ жауып, бірнеше адам аулаға тігілген киіз үйге шығарып бара жатқаны ғана көз алдыма келеді. Сосын шешем оның алты қабат аспанның арғы жағына кеткенін айтты. Мен төртінші сынып бітіргенше оны күтіп жүрдім… Бүгінде сол ауылым да әкем кеткен жаққа кеткен сияқты... ал менде бәрін суық ақылмен қабылдайтын қаттылық қана қалыпты. Естеліктер көңілімнің гүлзарында Отырардың жұрты құсап құлазып жатыр.
Қытайды қырық жылға кері шегерген «Мәдениет төңкерісі» дейтін алапаттың басы біздің өлкеде қазақтарды отырақтастырудан, баршаға түсінікті тілмен айтсақ, «колхоздастырудың» қытайлық үлгісінен басталған. Хантәңірдің бауырындағы ру-ру болып отыратын бір уыс қазақ сонда іркіттей іріпті. Елдің азғантай ауқатты адамдарымен ешкім бір ауыл болғысы келмеген. Дұрысы, қорыққан. Сонымен 50 түтін «бай» бөлек ауыл қонған.
Біздің бала күніміздің өзінде әулет-әулет болып отырып, қит етсе сойылдарын тақымдарына қысып шығып, жандаса кетуге даяр тұратын «бай әулеттерінің» кеудесі басылмаған. Әлғожаның әулеті, Сұлтанның әулеті, Әлімақынның әулеті деген дүмді аталар болатын. Бірақ бәрі де ары кетсе тоғыз атадан қосылатын бір ел еді.
Бір анығы адам рухы өзін іздеуден ешқашан айныған емес. Ал адамның өзін тануы мифтен басталады. Бүгінгі адам да – кешегі адам. Ол ертең де осы адам болып қалмақ. Өнердің үлгісі қандай болуы керек екенін ешкім де білмейді. Бәріміз шарқ ұрып соны іздеп жүрміз. Өзімізді іздеп жүрміз. Ал мен өскен ауылдың адамдары мифті де, ертегіні де тарих ретінде қабылдайтын. Рас. Бәрі – миф. Ғылым – теориясы жетілген миф. Саясат – амал-тәсілдері жетілген миф. Бірақ ақшиліктер оған бас қатырып жатпайтын.
Осы болмысы бөлек ауылдың өзгеден ерек салттары мен ырымдары бар еді. Бүгінде қал-қадырымызша кітапқа қанып, ғылыми дүниелерге көзіміз жеткенде сол дәстүрлердің сонау VI-VII ғасырларға табан тірейтін ықылым заманның құрдасы екенін біліп, еріксіз бас шайқап, таңдайқата боламын. Бала мінезді ауылдың танымы Тоныкөкпен құрдас, Күлтегінмен замандас болса, қалай таңдайқата болмайсың?
Мен өскен ауыл наурызды тойлаудан әлдеқайда ерте бастаушы еді. Үлкендер келісіп, әр жылы 11 ақпанда бір әулет наурыз салуды бастайтын. Соғымнан қалған кәрі жілік асылып, жеті дәмнен көже жасалады. Қазанның төрт құлағына құйрық май қойылып, оны жыл тоқ болады деп балаларға жегізетін. Сонымен наурыз басталады. Наурыздап күллі ауыл келеді. Жастарға марқұм аталарының, әжелерінің несібесі деп кеселеп көже ішкізетін. Сосын түс ауа көкпар басталушы еді. Осы думан сол аядай ауылда бір айға жалғасады. Ақпаннан басталған наурыз айының әр тақ күні бір әулет көже салып, тура бір айға жалғасатын. Әр тақ күні сондай думан. Сол аядай ауылдың үлкендері күні бүгін де солай наурыз салады. Жасымызға жас қосылды деп бір-бірін құттықтап жататын. Ол кезде туған күн тойлау дегенді білмейтінбіз. Барлық адам наурызда туған деп ойлаушы едік.
Енді, сіз «Күлтегін» тас бітігінен үзінді оқыңызшы. «Күлтегін қоң йылқа, йіті йегірмеке учды. Тоқузынч ай йіті отузқа йоқ ертүртіміз. Баркын, бедізің, бітіг таш(ын) бічін йылқа, йітінч ай йіті отузқа қой алқады(м)ыз» дейді. Ғалымдар оны «Күлтегін қой жылы, он жетінші күні өлді. Тоғызыншы айдың жиырма жетісінде жерледік. Мазарын, ою-өрнегін, жазба тасын бешін жылы жетінші айдың жиырма жетісінде тегіс аяқтадық» деп аударған. Мұндағы күнтізбелік мәліметтерді қараңыз:
Қоң йылқа – қой жылы; йіті йегірме – он жетісі күні; Токузынч ай – Тоғызыншы ай; йіті отуз - жиырма жетісі; Бічін йыл – Мешін жылы; йітінч ай – жетінші ай. Қарап отырсаңыз, сол кезеңнің өзінде он екі мүшелдік жылнаманың орныққанын байқаймыз. Сонымен қатар қазақ ішінде күні бүгінге дейін ауызекі айтылатын айларды нөмірлеп айтатынын байқаймыз.
Осы мәтінге сүйенген көне түркі жазуларын зерттеуші Ғұбайдолла Айдаров өзінің зерттеуінде «Күлтегін 731 жылдың 27 ақпанында қайтыс болды» деп тұжырым жасайды. Осындай нақтылау Ю.Зуевтің еңбегінде де бар. Осындай көптеген деректі саралай келе, ғалым Серікбол Қондыбай «қой жылының он жетісі» деген дата «27 ақпан» дейді. «Осы зерттеушілердің көрсеткен датасы дұрыс болған жағдайда, жыл басы ақпан айының 10-ынан басталатын болып шығады» (10 + 17 = 27 ақпан)» деген қызықты тұжырым жасайды. Демек, осы ескі жылнаманың жұрнағы тау бауырындағы шағын елдің санасында сақталып, көкірегінде қатталып, 14 ғасыр бойы ұмытылмай келе жатқаны ғой.
Ал белгілі ғалым Әбутәліп Орынғазының «Қазақ күнтізбе жүйесінің лексика-фразеологиялық бірліктері» атты диссертациясында «қарт наурыз» күнтізбесінде ақпан айының бірінші жартысында, Айдың бір жаңасында қамбар жұлдызымен тоғысуы жыл басы ретінде «ақтың мейрамы» деген атпен тойланған.
Қамбар тоғысы – өзіндік жүйесі бар күн қайыру. Оның басы – бірдің айы. Жыл басын тойлау – айдың бірінші жаңасында басталады. Яғни, айға тәу ету салты қатаң сақталады. Мейрамның аты «Қызыр ата мейрамы» немесе «Ақтың мейрамы» деп аталған» деген дерек келтіреді.
Ал жиһангез Маркополо «ақтың мейрамы күні барша жан үстіне ақ киетін болған. Бір-біріне ақ түсті зат сыйлаған. Бір-бірімен құшақтасып, төс түйістіріп көріскен» деп тасқа қашағандай таңбалаған.
Өздеріңіз аңғарғандай, қазақтың жұлдыз санауының ескі бір ғұрпы қиян даланың бір қуысындағы менің ескі ауылымда жұрнағы сақталыпты. Ескілердің жадына, елдің өткен тарихына бойлаған сайын көкірегің кеңейе бермек. Сол ауылымда ескіліктің, ілкі танымның елесі мен жұрнағы көп еді.
Сондай таңданарлық естеліктің бірі студент кезімде болған. Біздің ауылда жылан әулетін «АБАҚАЙ» деп тергейтін. Тергеу деген бұл күнде құқықтық сипат алып «тергеп-тексеру» мәнін беріп кетті ғой. Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның немесе заттың атын атамай, табу сөз қолдануды «ат тергеу» деуші еді. Абақай әулетіне зарар келтірмейтін. Жылан елін өздерімен қоңсы қонған намысқой, кекшіл ауыл деп білетін. Олардың қажет болса, көшкен елдің соңынан айлық жер болса да қуып жетіп, кегін алатынын аңыз қылып айтатын. Белгісіз көршілерінен әрі сескеніп, әрі сыйласып отыратын. Ордалы жыланның тәртібі, жыланмен арбасқан тарымшылардың хикаясы, Кегін қуып келген жыланның әңгімесі ауылда көп болатын. Сол кезде атын тергеп, «АБАҚАЙ» деп отырушы еді.
Әлқисса, арман қуып, Еуразия ұлттық университетіне оқуға түскен шағымда сол «АБАҚАЙ» алдымнан шықты. Бірақ мен ол кезде оның тамыры соншама тереңге кеткен ескі мәдениеттің куәсі екенін білмейтін едім.
Бірде Журналистика факултетінде студенттер ұйымдастырған әлдебір кеш болатын болып, сонда бардым. Ертелеу келіп алған екенмін. Залда адам жоқ. Тек алдыңғы қатарда белгілі ақын, сол кезде Филология факультетіндегі Қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор Дүкен Мәсімханұлы отырғанын көзім шалып, қасына барып сәлем бердім. Біз әңгімелесіп отырғанда қасымызға бір ақ шашты кісі келді. Келді де Дүкен ағамызға:
– Әй, Дүкен, абақай деген не? – деп төтесінен сұрақ қойды. Дүкен ағамыз сәл кідіріп қалды да:
– Білмейді екем, – деді. Сонда әлгі кісі:
– А, сен қызай емес пе едің? – деді. Дүкен аға сырбаз жымиып, мені нұсқады:
– Міне, сізге қызай керек болса.
Ағамыз маған бұрылды.
– Абақай деген не?
– Жылан.
– Ендеше, сен настоящий қызайсың.
Мен түк те түсінбей аңырып қалдым. Ішімнен «менің руымның бұған қандай қатысы бар» деп ойлап тұрмын. Ол күдігімді аңғарса керек. Сөзін сабақтады.
– Қай – ескі түркі сөзі. Жыланның әуелгі атауы – қай. Бірақ біздің танымымызға сай, оны тергеу атымен «жылан» деп атаған. Кейін бірте-бірте тергеу аты алға шығып, өз атауы ұмытыла бастаған. Сол мың жылдық ескі сөз тек қызай арасында ғана сақталған. Ал аба – басқалқа, сардар деген сөз. Қысқасы, абақай – жылан патшасы. Осы түркі заманының ескі атауы тек қызайлар арасында ғана сақталған. Мен шетелден келген ағайыннан көп сұрадым, – деді.
Соның арасында ел жиналды. Кеш басталды. Кештен кейін білдім. Марат Уатқан деген ағамыз екен. Бұл әңгіме санамның терең түпкірінде қалып қойды. Егер ғалым Серікбол Қондыбайдың бір мақаласы көкірегімді түртпегенде, мүмкін, ұмытып та кетер ме едім. Тамыры мың жылдықтарға жайылған осы қаһарлы сөздің тағдыр талайында тұтас түркінің жүріп өткен тарихи кешуі жатқандай...
Көне түркі және Алтай халықтарында «қай» сөзі жылан деген мағынаны білдіреді. Профессор Жамбыл Артықбаев «Абақай туралы ертеректе бір емес бірнеше мақала жазғанмын, ол атаудың этимологиясы түсінікті – Аба қай дегеніңіз – Ата жылан. Оны анықтау үшін сөздік аударудың да қажеті жоқ, ол сөздің мағынасын кезінде Көкше мен Қараөткел арасын, қазір Іленің жоғарғы жағын мекендеп отырған қызайлар сақтап отыр» деген тұжырымы да көп ойға түрткі болды.
Ал, Әбілғазы баһадүр ханның атақты «Түрік шежіресінде» Қайы тайпасының таңбасы сызылып, жылан түрінде бейнеленеді. Бұл ежелгі тайпаның атауы мен таңбасындағы осы ұқсастықтар тіптен кездейсоқтық емес.
Есімізге лингвист Құдайберген Жұбановтың «Тарихты тану үшін өлі мәтіндерді емес, тірі халықтың тілін зерттеу керек» деген сөзі осындайда жаңғырып алдыңнан шығады. Шынымен де, қазақтың бір шағын руы қызайдың тілінде тамыры ғұн кезеңіне барып тірелетін ежелгі сөз, түркі заманынан қалған ескі дәстүр сақталып тұрған болса, бұл біздің халқымыздың алып теректей тереңге кеткен тамырын білдірмей ме?
Арғы жағы талапты зерттеушілерге аманат. Туған ауылымызды еске алғанда, көкіректе қатталып қалған естеліктер осылай жүрек тебіренте бермек. Тәмат-тамам.
Ербол АЛШЫНБАЙ