Астанада көктемнің басты мерекесі Наурыз мейрамына орай ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Биыл елордада 200-ден астам түрлі бағыттағы іс-шара мен акция өткізу жоспарланған. Дәстүр бойынша «Наурызнама» онкүндігінің әр күні ұлттық құндылықтар мен белгілі бір тақырыпқа арналды.
Биылғы мерекенің басты ерекшелігі – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарының кеңінен қолданылуы. Қалада заманауи интерактивті алаңдар құрылып, тұрғындар ұлттық дәстүрлер мен жаңа технологиялардың үйлесімін көре алды.
Наурызнама 14 наурызда Көрісу күні – Амал мерекесінен басталды. Бұл күні елорданың түрлі алаңдарында ұлттық дәстүрлер жаңғыртылып, «Көрісу» рәсімдері ұйымдастырылды. Достық үйінде өткен іс-шарада ақсақалдар мен аналар бата беріп, амандасу мәдениетін насихаттады. Сонымен қатар ғылыми-этнографиялық конференциялар мен көрмелер өтті.
Сол күні «Ататүрік» саябағында ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Қала тұрғындары үшін арнайы AI алаңдары жұмыс істеп, келушілер жасанды интеллект көмегімен ұлттық киімдегі фотосуреттер жасай алды. «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында Tartys Fest спорттық фестивалі өтіп, қатысушылар ұлттық ойындар мен AI-ға қарсы тоғызқұмалақтан бақ сынады.
14-15 наурыз күндері қалада Nauryz Sale азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып, тұрғындар жергілікті өнімдерді тиімді бағамен сатып алды.
15 наурыз – Қайырымдылық күні аясында «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы өтіп, мұқтаж жандарға көмек көрсетілді. Сонымен қатар «Тілек ағашы» жобасы іске қосылып, балалардың армандарын орындауға мүмкіндік берілді. Қалада бірқатар қайырымдылық және әлеуметтік акциялар ұйымдастырылды.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні түрлі концерттермен, көрмелермен және театрландырылған қойылымдармен ерекшеленді. Е.Рахмадиев атындағы филармонияда мерекелік іс-шара өтіп, театр сахналарында арнайы қойылымдар ұсынылды. Білім беру ұйымдарында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін сабақтар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
17 наурыз – Шаңырақ күні отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналды. Бұл күні жас отбасылар арасында жарыстар, флешмобтар және дәстүрлі рәсімдер өтті. Көпбалалы аналарға мемлекеттік наградалар табысталды.
18 наурыз – Ұлттық киім күні аясында қалада сән көрсетілімдері, көрмелер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Тұрғындар ұлттық киім киіп, арнайы челленджге қатысты. Театрландырылған бағдарламалар мен шығармашылық кештер көпшілікке ұсынылды.
19 наурыз – Жаңару күні. Кеше елордада тазалық, жаңару және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар өтті. Қала бойынша сенбіліктер ұйымдастырылып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында аулалар тазартылуда. Білім беру ұйымдарында «Өзіңнен баста» челленджі басталып, оқушылар экологиялық жауапкершілікті насихаттауда. Сонымен қатар заманауи технологиялар арқылы болашақ мамандықтармен таныстыру шаралары өтуде.
Алдағы күндері Наурыз мерекесі одан әрі жалғасады. Бүгін, 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай қалада ұлттық ойындардан жарыстар мен көрсетілімдер өтеді. Ат спорты кешендерінде дәстүрлі ойындар көрсетіліп, «Ұлы дала ойындары» спорттық эстафетасы ұйымдастырылады.
21 наурыз – Ынтымақ күні аясында Астананың басты алаңдарында үлкен концерттер мен мерекелік бағдарламалар ұсынылады. Сонымен қатар роботтар мен заманауи технологиялардың қатысуымен арнайы шоу көрсетілімдері ұйымдастырылады.
22 наурыз – Жаңа жылдың басталу күні. Бұл күні елорданың барлық ірі алаңдарында ауқымды концерттер, жәрмеңкелер мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Қала тұрғындары үшін мерекелік бағдарламалар таңертеңнен кешке дейін жалғасады.
Наурызнаманың қорытындысы 23 наурыз – Тазару күнімен аяқталады. Бұл күні қала бойынша экологиялық акциялар өтіп, тұрғындар тазалық жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар елорда халықаралық «Жер сағаты» акциясына қосылып, табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларды қолдайды.