Руслана Құдайбергенова: «Шалқар» қалай құрылды?

Бүгін, 16:15 / Túrkіstan IPW

Биыл «Шалқар» радиосының құрылғанына 60 жыл толды. Ұлттың «өшкенін жандырып, өлгенін тірілтуге» ерекше үлес қосқан радио қалай құрылды, қандай кезеңді бастан өткерді? Осы сұрақтар төңірегінде «Шалқар» радиосы алғаш құрылған жылдардан бастап ұзақ жыл еңбек еткен ардагер журналист Руслана Құдайбергеновамен әңгімелескен едік.

Радиоға арнайы конкурс арқылы қабылдандым

– Руслана апай, биыл, 2026 жылы «Шалқар» радиосының негізі қалан­ға­нына 60 жыл толды. Осы радионың қа­лыптасу кезеңінде көптеген аға-апа­мызбен бірге, өзіңіз де тұрсыз. «Шалқар» 1966 жылы эфирге шыға бастаса, Сіз 1967 жылы Қазақ радиосына жұмысқа тұр­ған екенсіз. Сол кезеңдерді бір сәт ес­ке түсірсек... «Шалқар» радиосы әу бас­та қалай құрылған еді?

– Жалпы, менің радиоға келуім «Шалқар» бағ­дарламасының және шетелге хабар тара­та­тын редакцияның ашылуымен байла­ныс­ты болды. 1966 жылғы 1 қаңтарда «Шалқар» бағ­дарламасы алғаш эфирге шығып, 1967 жы­лы осы екі редакцияға жас журналистерді жұ­мысқа қабылдау үшін конкурс жа­рия­ланып­ты. Мен ол кезде 5-курстың сту­ден­тімін. Қазақ Мемлекеттік Университетінде (қа­зіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) Фи­ло­логия факультетінде оқимын. Сол кездегі дип­ломдық жұмысымның жетекшісі про­фес­сор Сұлтанғали Садырбаев: «Тарих ғы­лым­­дарының докторы, профессор Ғаббас Жұ­матовтың орыс тілінде жазылған бро­шюра­сын қазақшаға аудару керек. Руслана, сен осыны аударып бересің бе?» деп сұрады. «Кө­рейін» дедім де бір күні кітапханада сол бро­шюраны аударып отырғанымда те­ле­ви­де­ниеде сол кездері жұмыс істеп жүрген Ажар Файзоллақызы келіп: «Сен не істеп отыр­сың?» деп сұрады. Мен: «Аударма жасап жа­тырмын» дедім. «Оо, сен аудара білесің бе?» деді. «Шама-шарқымызға қарай аударып отыр­мын. Кейін жетекшіме көрсетемін» де­дім. Оның айтқаны: «Сен босқа отырма, биыл оқу бітіресіңдер. Қазақ радиосы конкурс жа­риялап жатыр. Сол конкурсқа қа­тыс­пай­сың ба, аудармашы керек деп жатыр. Орыс тілінен қазақ тіліне аударатын аудар­ма­шы­лар жоқ. Сен келсейші» дегеннен кейін, ба­ғым­ды сынап көрейінші деп ойладым. Бәл­кім, конкурстан өтермін. Өтпесем, онда жол­дамамен жіберген жағына, Семейге пе­динститутқа бара берермін деймін. Ол кезде жо­ғары оқу бітіргеніңде жолдамамен жан-жаққа жіберетін. Бұл 1967 жылғы қаңтар  болатын.
Сонымен конкурсқа қатыстым. Көп адам бол­ды, үлкен ағалар бақтарын сынады. Со­лар­дың ішінен өтіп кеттім. Бір ай сынақ мер­зімі дейтін. Сол сынақ мерзімінен өтіп, ре­дакцияның берген тапсырмаларын бәрін орын­дап, содан Радионың басшылығы мені жұ­мысқа қабылдауға ұйғарым жасап, бұй­рық шығарды. Сөйтіп, «Шалқар» бағдар­ла­ма­сына топ етіп, келе қалдым. Келсем Дулат Исабеков, Досан Жанботаев, Жеңіс Қаш­қы­нов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Кеңесжан Шал­қа­ров сияқты таныс та бейтаныс кісілер отыр екен. Қасымхан Ерсарин ағамыз «Шал­қарда» бөлім меңгерушісі екен. Ол кезде Бас ре­дакторымыз Едіге Әбдіғапаров болатын. Ал­ғашқы кезде «Шалқар» бөлек редакция бол­ған жоқ. «Шалқар» – «Соңғы хабарлар» ре­дакциясының бір бөлімі, яғни, «Соңғы ха­барлар» мен «Шалқар» бір редакция болды.

– Сонда «Шалқар» радиосында жұ­мыс істеу үшін конкурс жариялап отыр ғой?

– Иә, сол кезде «Соңғы хабарлар» редак­ция­сына да, «Шалқар» бағдарламасына да ау­дармашы керек болып жатыр екен. Өйт­кені «Соңғы хабарлардағы» аудармашы «Шал­­қар» үшін де хабар жасайды. Сонда мені «Шал­қар» үшін хабар жасайтын редактор ре­тінде жұмысқа қабылдады. Танымдық бағ­дар­ламалар жасайтын редакторлар бөлек бол­ды. Бірақ барлығы бір редакция ішінде оты­рады. Ал біздің жетекшіміз, әрине, Сәр­кен Шұғайыпұлы Оспанов ағамыз болды.

– Сәркен Оспанов ағамызды «Шал­қар­дың» алғашқы бас редакторы деп ай­туға бола ма?

– Жоқ, олай деуге келмейді. Өйткені ол кезде «Шалқардың» бас редакторы деп айт­пайтұғын. Бөлім меңгерушісі, аға редак­тор­лар және редакторлар болатын. Бірақ «Шал­қардан» өтетін 5-10 минуттық хабар­лар­дың бәріне Сәркен аға жауапты болатын. Сол тұста Сәркен ағаның лауазымы аға ре­дак­­тор болды. Кейін уақыт өте келе Сәркен аға да «Шалқар» редакциясының бас ре­дак­торы атанды.

– Сол кезде «Шалқарда» кімдер жұ­мыс істеді? Әріп­тес­теріңіз туралы айтса-ңыз.

– «Шалқарда» көп адам болған жоқ. «Соң­ғы хабарлар» редакциясында жұмыс іс­тейтін редакторлар «Шалқарға» да ха­бар­лар әзірлеп тұратын. Өйткені әрқайсысы өз жүктемесіне сәйкес екі жаққа да жаңалықтар мен хабарлар дайындап отырды. 

– Ал «Соңғы хабарлар» редак­ция­сын­да кімдер жұмыс істеді?

– Ол кезде Мәлік Қарағұлов, Сәркен Ос­па­нов, Кекілбай Нүсіпбеков, Нұрсейіт Еру­баев, Санақбай Бөлеков, Сәлімгерей Сұл­тан­ға­лиев дейтін ағаларымыз жұмыс істеді. 
«Шалқар» – алғашқы кезде екі сағаттық бағ­дарлама болды. Кешке қарай жеке тол­қында эфирге шықты. Дулат Исабеков, Досан Жан­ботаев, Жеңіс Қашқынов, Қасымхан Ер­сарин, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Серік Тұр­ғынбеков, Жеңіс Ақпанбет сияқты бір топ қа­ламгерлер, ақын-жазушылар, журналистер «Шалқар» бағдарламасына топтастырылды.

– Эфир уақыты біртіндеп ұзарды ма?

– Иә, жылдар өте хабарлардың көлемі ұл­ғая бастады. Алдымен 2 сағатқа, содан кейін 6 сағатқа ұзарды. Одан кейін 10 сағат, 12 сағат болды. 1980 жылдары «Ауыл өмірі» ра­­диостансасы сияқты «Шалқар» да ақ­парат­ты-сазды радиостанса деп аталды.

– «Ауыл өмірі» деген радиостанса бол­ды деп жатырсыз. Оқырманға тү­сі­нік­ті болуы үшін «Ауыл өмірі» ра­диос­тансасы туралы қысқаша мәлімет бере кетсеңіз. Жеке радио болды ма?

– Жоқ, радио емес, ол да редакция болды. Бір­ақ жеке радиотолқында хабар таратты. «Ауыл өмірі» радиостансасының толқыны бөлек, «Қазақ радиосының» толқыны бөлек, «Шал­қардың» толқыны бөлек және шетелге ха­бар тарататын «Иновещания» дейтін ре­дак­цияның толқыны бөлек болды.
«Ауыл өмірінің» бас редакторы Абай Өте­ге­­нов, Шаншархан Төрегелдиев – бөлім мең­­герушісі, Мұқан Мамаев, Гәкку Балтабаев, Ер­лан Қожагелдиев және басқа да азаматтар жұмыс істеді. Арасында жалғыз қыз бала – Бағдат Мүптекеева болды.
Қазақ радиосында 80-жылдары көптеген са­лалық редакция жұмыс істеді. «Соңғы ха­барлар» бас редакциясы, «Насихат» бас ре­дак­циясы, Музыка хабарлары бас редак­ция­сы, Әдебиет және өнер бас редакциясы, Ба­ла­лар мен жастар бас редакциясы, «Шалқар» бас редакциясы, Одақтас республикалар ра­диоларымен хабар алмасатын редакция.
1994 жылдан 1997 жылға дейін «Шал­қар­дың» жетекшісі болдым. Сол 1994 жылы «Қа­зақстан» телерадио корпорациясына тө­р­а­ға болып Ләйлә Бекетова келді. Әр кел­ген бастық бір жаңалық әкелгісі келеді ғой. Қазақ радиосын екіге бөліп, «Респуб­ли­ка­лық 1-бағдарлама» деп Қазақ радиосын  ата­ды. «Республикалық 2-бағдарлама» деп «Шал­қарды» атады. Сол 1-арнаның басшысы Құс­ман Игісін, 2-арнаның басшысы мен бол­дым. Яғни, сол кезде 2-арнаның директоры сияқ­ты. 1-арна басшысы Құсман Игісін екеу­міз ақылдаса келе, екі арнаға екі директор емес, жалпы Қазақ радиосына бір Бас ди­рек­тор болуы керек екенін Л.Бекетоваға тү­сіндірдік. «Директор емес бізді, арнаның же­текшісі» деген дұрыс дедік. Дегенмен бір жыл­дан кейін жетекші дегенді алып тастады да, 1995 жылы «Шалқардың» бас редакторы бол­дым. Демек, алғаш 1967 жылы «Шалқар» ра­диосына келіп, 1994 жылы 2-арна – «Шал­қар» бағдарламасының жетекшісі, бас редак­торы болдым.

– «Шалқар» бағдарламасы «Соңғы ха­барлар» редакциясынан қай жылдары жеке редакция болып бөлініп шықты?

– Шамамен 1970 жылдары «Шалқар» же­ке редакция болып бөлініп шықты.

– Сонымен, апай, «Шалқардың» бас­шы­­лары туралы айтатын болсақ, ең ба­­­сында Едіге Әбдіғапаров ағамыз тұра-тын шығар?

– Ол кезде бас редактор қазақ болса, оның орынбасары орыс болуы керек. Бас ре­дактор орыс болса, оның орынбасары қа­зақ болуы керек. Едіге Әбдіғапаров – орыс­тіл­ді журналист болды. Бірақ қазақша таза сөй­лейтін. Ол «Соңғы хабарлардың» бас ре­дак­торы, екі тілде де қарай беретін. «Шал­қар» – «Соңғы хабарлар» редакциясының ішін­дегі «Ақпаратты-сазды бағдарлама» бол­ғандықтан, ол кісі де басқарды, жауапты бол­ды деп айтуға болады. Егер мұрағатты кө­­терсек, «Шалқардың» алғашқы басшысы құ­жат бойынша Едіге Әбдіғапаров болып шы­ғады.
Одан кейін Бек Дәулетбаев, Кенжебек Есі­мов, Мадрид Рысбеков ағаларымыз бас­шылық жасады.

«Шалқарды» Мәскеу әзер бекітті

– Сіз бір сұхбатыңызда Мифтах Жан­ти­кин деген ағамыздың еңбегі туралы айтқан едіңіз, осы «Шалқар» арнасының ашылуына көп еңбек сіңірген деп едіңіз...

– Кеңес Одағының кезі. Украинада «Про­мин» ақпаратты-сазды бағдарлама украин тілін­де хабар тарататын. Мәскеуде «Маяк» ра­диостансасы ашылды.

– Бұл 1960 жылдары ғой?

– Иә, сонымен біздің Қазақстанда тек қа­на қазақ тілінде хабар беретін бір арна ке­рек болды. Ол кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Радио және теледидар Ко­митеті болатын. Комитет басшылығы Мәс­кеудегі Орталық Комитетпен келісе, кеңе­се отырып, ана тілімізде хабар тарата­тын бағдарлама ашу мәселесін қояды. Ол кез­де барлығы Орталықтан, Мәскеуден ше­ші­леді ғой. Соған бірнеше рет қажет құ­жат­тарды алып барып, қайтып келген жағ­дай­лар болған. Қабылдамаған. «Кейінірек кө­рейік» деп сырғытпа жауап беріп отырған. Бір­ақ сол тұста «Промин» мен «Маяк» сияқты ра­диоарна жұмыс істеп тұрғаны бізге пай­далы болды. Қазақ радиосында Екінші дү­ние­жүзілік соғыс ардагері, екі тілде бірдей сөй­лейтін мықты журналист Мифтах Жан­тикин деген ағамыз болды. Құжаттарды реттеуді сол кісіге тап­сыр­ған ғой. Мәскеу­лік­тердің қарсылығына орыс тілінде тойтарыс бере алатын, қазақтарға қазақша түсіндіре ала­тын Мифтах Жантикин ағамызға қазақ ті­лінде хабар тарататын жеке радио бағ­дар­ламасының қажет екенін дәлелдеу оңай болған жоқ.
Мәскеуге бірнеше рет барып құжаттарды өт­кізсе, құжаттар артынан қайтып келе бе­ре­ді. Мифтах ағамыз соңғы барғанында екі ай жатады Мәскеуде. Біресе ана қағаз керек, біре­се мына қағаз керек деп сұрайтын көрі­неді. Мифтах Жантикин ағамыз сол жерден кетпей, қажетті құжаттарды ұшақ арқылы, ары-бері ұшқан жолаушылар арқылы алдыр­тып отырған екен. Сөйтіп, Мифтах ағамыз екі ай Мәскеуде жатып, «Шалқар» бағдар­ла­масын ашуға бұйрық шығартып қайтқан екен. Бұл 1965 жыл еді.
Сол басшылықтың, ұжымның, халықтың, Миф­тах Жантикин ағамыздың арқасында 1966 жылы 1 қаңтарда «Шалқар» бағдар­ла­ма­сы алғаш рет әуе толқынына шықты. Басын­да тәулігіне 2 сағат хабар таратты.

– Мифтах ағамызды көрдіңіз бе, бір­ге жұмыс істеген шығарсыздар?

– Иә, көрдім. Ол кісі кейін басқа жұмысқа ауы­сып кетті.

– Руслана апай, жазушы Дулат Иса­бе­ков­тер­мен бірге жұмыс істедім дейсіз. Дулат аға­­мыз сол кездерде қандай жұ­мыс істеді?

– «Шалқар» бағдарламасында алғашқы жыл­дары жұмыс істеген редакторлардың ішін­де Серік Тұрғынбеков екеуміз ғана қал­дық. Ал бұрынғы бас редакторлардың бар­лы­ғы о дүниелік болып кетті. Өзімді 60 жыл­­­дық тарихы бар «Шалқар» бағдарла­ма­сы­ның 59 жылының куәгерімін деп айтуыма болады. 
Дулат Исабеков 1966 жылы «Шалқар» ашыл­ғанда алғашқылардың бірі болып жұ­мысқа тұрған екен. 1967 жылы мен келдім. Ол бізден бір курс жоғары оқыған болатын. Дулат Исабеков әдеби хабарлар, одан кейін «Жа­ныңда жүр жақсы адам» деген хабар жа­са­ды. Сол жылдары жас жазушы Дулат Иса­бе­ков, ақындар Нұрсұлтан Әлімқұлов пен Жеңіс Қашқыновтар әдебиет тақырыптары бойынша «Шалқарға» хабар әзірледі. «За­ман­дастар», «Сәті түскен сұхбат», «Бүгінгі күн та­қы­рыбы» деген хабарлар болды ол кезде. «Шалқардың» эфир уақыты екі сағаттан ал­ты сағатқа ұлғайған кезде көп хабарлар бол­ды. Яғни, эфир уақытының артуымен адам­дардың да, жасалатын хабарлардың да са­ны арта түсті. 
Дулат ол кезде аты шыққан, болашағынан көп үміт күттіретін жас жазушы ретінде ха­лық­қа танымал болды. Ол студент кезінде «Бе­кет» деген атпен әңгімелер жинағы шы­ғып, халықтың, оқырманның, зиялы қауым­ның ықыласына бөленген болатын. 

Тікелей эфирді «Шалқар» бастады

– «Шалқар» атауының қалай қойыл­ғаны туралы айтсаңыз?

– Әркім әртүрлі атаулар ұсынды: «Кең өріс», «Отан», «Кең дала», «Атамекен». Сонда біз­дің редакциямызда Кеңесжан Шалқаров де­ген журналист жұмыс істеді, өзі ақын бо­ла­тын. Сол Кеңесжан айтыпты: «Бастарыңды қа­тырып қайтесіңдер, менің әкемнің атын қой­саңдаршы: Шалқар. Шалқар десе, Шал­қар. Ол нағыз радиоға, қазақ тілінде хабар тара­татын бағдарламаға лайықты атау – «Шал­қар» деп. Басшылардың бәріне «Шал­қар» деген атау ұнайды. Содан радионың аты «Шал­қар» болып аталады. Міне, сол «Шалқар» бағ­дарламамыз бүгінде дербес, үлкен «Шал­қар» радиосы болып отыр. 

– Бұл, әрине, Кеңесжан ағамыздың әке­сінің құрметіне емес, «Шалқар» де­ген атаудың құрметіне қойылған ғой?

– Әрине, ақын адам болғаннан кейін «Шал­қар» болсын деп айта салмай, бір жағы қал­жыңға сүйеніп, «Менің әкемнің атын қояйық» дегені ғой. Мұны Сәркен ағай бізге жиі айтып отыратын. Кеңесжан Шалқаров кейін баспаға ауысып кетеді. Анда-санда ке­ліп тұрған кезде Сәркен ағай: «Мына Кеңес­жан «Шалқардың» атын қойып кеткен» деп айтатын. Ол кісі де о дүниелік болып кетті.

– «Шалқар» деген аттың өзі көз ал­дыңа қазақтың кең жазира даласын елес­тетеді ғой, шалқар көл, кең-байтақ да­ла деген мағына береді.

– Қысқа ғана атау болуы керек. Мысалы, «Кең өріс», «Жайлау», «Атамекен» деген сияқ­ты. Бізде шетелге хабар тарататын редакция атауы «Атамекен» болды. Кейін «Тұран» деп аталды. Бертінде ол арна да жабылды.

– Апай, радиода көп жыл жұмыс і­с­те­діңіз. Радиодағы, радиожурналисти­ка­дағы ұстаздарым деп кімдерді айта­тын едіңіз?

– Ең бірінші ұстазым – Сәркен аға Ос­­­панов. Ол кісінің тек маған ғана емес, осы ре­дакцияға келген әрбір жас қыз-жігітке қам­қорлығы ерекше болды. Олардың бәрі­нен бұрын келгендіктен маған деген қам­қор­лы­ғы бөлек, «қарғам», «құлыным» деп сөй­лей­тін. Содан соң репортажды қалай жүргізу, ин­формацияны қалай жазу, сұхбатты қалай алу керек, соның бәрін айтып отыратын. Кей­де бір жерге сұхбатқа жібереді, кімге, қай­да, не үшін бара жатқаныңды білмей қа­ласың жас кезіңде. Сонда бағыт-бағдар бе­ріп, қоятын сұрағыңды да аузыңа салып бе­ріп отыратын. Сәркен ағаның орны мен үшін ерекше.
Одан кейін Бек Дәулетбаев ағамыз, ау­дар­машылар Кекілбай Нүсіпбеков, Нұрсейіт Ерубаев дейтін ағаларымыз қандай керемет кісілер еді. Үйрететін. Сен бүгін қандай да бір қате жібердің бе, оны түзетіп айтатын: «Қа­­р­ағым, сен бүгін мынадай қате жібердің. Сен ертең мұны ойыңа ал, ескер, мұндай қа­­­­тені екінші рет жіберме» деп өзінің аға­лық, үлкендік ақылын айтып отыратын. Осын­дай жақсы кісілердің арқасында біз ра­диожурналист болып қалыптастық. Сәр­кен ағай бір отырыста, редакциядағы лез­де­меде: «Руслана, түбінде осы «Соңғы ха­бар­лар­­дың» тұтқасын сен ұстайсың» дейтін. «Ой, ағай, болмайды ғой» деп қоямын. «Жоқ, бо­лады» дейтін. Сол айтқаны шын келді. «Шал­қардың» да бас редакторы, жетекшісі бол­дым. Қазақ радиосындағы «Соңғы хабар­лар» редакциясының да бас редакторы бол­дым.
Тікелей эфирді алғаш рет «Соңғы ха­бар­лар» редакциясы шығарды, «Тәулік тынысы» – «Панорама дня». Сол бағдарламаның же­тек­шісі әрі алғашқы жүргізушісі болдым. Де­мек, ол кісілердің көрегендігі деп айтуға бо­лады. Сенің бойыңдағы жақсы бір қа­сиет­терді көргені, соны сезгені болар. Редакция болғаннан кейін бір қолдың саласындай жұ­мыс істедік. Осы редакцияда қателіктер, кем­шіліктер болмасын деп солардың атына кір келтірмеуге тырыстым. Сол ағалары­мыз­дың арқасында осы дәрежеге жеттім. Солар­дың артында қалып отырмын деуге болады. Кей­де 60 жыл бойы Қазақ радиосының та­ри­хымен, «Шалқар» радиосымен бірге жа­са­сып келе жатқан  сол кісілердің атын атап, сол кісілердің еңбегін айту үшін артта қал­ған шығармын деп ойлаймын. Сондықтан ол кісілердің алдында өзімнің журналист ретінде перзенттік парызымды орындадым деп санаймын.

– «Шалқардың» 60 жылдық тарихын­да эфирге қаншама хабар шықты, қан­шама қазақтың белгілі тұлғасы әуе толқынынан сөйледі. Алғашқы жыл­­­­дары «Шалқар» бағдарламасында қандай хабарлар болды, қандай тұлғалар эфирге шықты? Сол туралы есіңізде бар ма?

– Иә, ол кезде «Шалқар» арнасын бүкіл ха­лық тыңдайтын. Жайлауда мал баққан қойшылар бір-бір радиоқабылдағыштарын құшақтап, таудың басында, жайлауда қазақтың әнін, күйін, қисса-дастандарын, жақ­сы сұхбаттарды, жақсы әңгімелерді тың­дап, рахатқа батып жататын, ол кенші де, қойшы да, егінші де, диқан да, бәрі-бәрі  «Шал­қар» бағдарламасын тыңдады. «Шал­қардың» алғашқы жылдардан бастап өрісі кеңейіп, тыңдаушылары көбейді. Қазақтың не­бір керемет ұмытылған күйлері, ұмы­тыл­ған жыр-дастандары, қиссалары «Шалқар» бағ­дарламасынан беріле бастады. Бұған мұ­рындық болған Алматыдағы Халық уни­верситеті деген ұйым болды. Оның же­тек­шісі филология ғылымдарының док­торы, профессор Рахманқұл Бердібаев аға­мыз еді. 1960 жылдардың аяғында Халық уни­верситетін құрды. Ғылым акаде­мия­сындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесіп жасалған үлкен еңбек болды. Сыр­да­рия бойына, Қарақалпақстанға, Өзбекстан ай­мақтарына, Үргенішке экспедициялар ұйым­дастырып, сол жақтардан ұмытылып бара жатқан күйлерді, жыр-дастандарды жа­зып әкеліп, таныстыратын. Халық уни­вер­ситетінің дәрісі Мұхтар Әуезовтің музей-үйін­де айына екі рет өтіп тұратын. Әр дәріс­тің соңында елеусіз қалып бара жатқан күй­лер, жыр-дастандар орындалатын. Бұл сол кездегі қазақтың тарихын, дәстүрін, өне­рін тереңнен іздеп, жоқтан бар жасаған, ұлттық рухты көтерген жылдар болды. Сон­дықтан «Шалқар» бағдарламасы Рахманқұл Бердібаев ағамызға арнайы эфир уақытын бөліп, айына екі рет хабар жүргізіп отырды. 
1980 жылы республикалық айтыс өтті. Сол айтысты да «Шалқар» бағдарламасы ха­лық­қа кеңінен таратты. Алғашқы айтыстар сол жылдары радиодан берілді. Халық ай­тыс өнерін біледі. Бірақ айтыс эфирден беріл­мейтін, теледидардан көрсетілмейтін. Айтысты естіген радиотыңдаушылар қап-қап хаттар жазатын. Халықтың радиоға де­ген сүйіспеншілігі, құлшынысы, ілтипаты биік деңгейде болды.
Кейінірек «Шалқар» бағдарламасында «Ер қорғаған ер баба» деген айдармен хабар­лар беріле бастады. Бұл кезде қазақтың хан­­­­­дары, батырлары туралы, елім, жерім деп күрес­кен біздің аталарымыз Абылай хан, Кене­сары, Наурызбай, Бөгенбай, Қабанбай, Райым­бек, Исатай, Махамбет сияқты батыр ба­ба­ларымыз туралы хабарлар беріле бас­та­ды. Бұл халықтың көзқарасын, дүние­та­ны­мын байытып отыратын хабарлар болды.
«Атадан қалған асыл сөз» әлі күнге дейін бар. Алғашқы кезде қазіргідей көп кітап жоқ. Қазір Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Жи­ренше шешен, Асан қайғының айтқан­дары туралы көп-көп әдебиет шықты. Қазір оңай оларды радиодан беру. Ол кезде табу қиын еді. Біртіндеп қарап, жинап, халыққа дайын хабар ұсынып отырдық.
Бізде «Тұлпардың тұяғы» деген хабар бол­ды. 1980 жылдардың аяғында саяси қу­ғын-сүргінге ұшырап, нақақтан нақақ аты­лып кеткен Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жа­қып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Ай­мауытов, Тұрар Рысқұлов, Ілияс Жан­сүгі­ров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин сияқ­ты арыстарымыз туралы хабар бере ба­с­тадық. 
Мысалы, Міржақып Дулатұлының қызы  Гүлнәр апамызбен көптеген сұхбат ұйым­дастырылды. Бейімбет Майлиннің әйелін көрдім. Ол кісімен де сұхбаттар берілді. Ол кі­сілер көзі тірі болса да, эфирге олар туралы ха­бар берілмейтін. Репрессияға ұшыраған қа­зақтың зиялылары туралы хабар бер­гіз­бейтін. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін кеңінен насихатталып, арнайы хабарлар әзір­ленді, оның ішінде халық «Шалқар» ра­диосынан сусындады деп айтуға болар.
Ілияс Жансүгіровтің, Біләл Сүлеевтің, Мұх­тар Әуезовтің жарлары болған, солардан ұрпақ сүйген анамыз Фатима Ғабитова туралы да хабар беріліп тұрды.
«Өзбекстаннан шыққан» дейтін шым­кенттік Кеңес Одағының батыры Сабыр Ра­­хы­мовтың жары келген бірде. Сабыр Ра­хымовтың қазақ екенін, қазақтың мақ­таны­шы екенін айтып «Шалқар» радиосынан сөй­леді. Яғни, сол кезде «Шалқар» бағдар­ла­ма­сы ұлттық деңгейдегі үлкен мәселелерді кө­терді.
Әрине, осы айтылған хабар­лар­дың бәрі қазақтың, қазақ халқының ұлт­тық сана-сезімін оятты. Олардың өткені­міз­ге, тарихымызға деген көзқарасын жаң­ғыртты. 1995 жылы Қазақ мемлекеттігінің 530 жылдығы атап өтілді. Сол оқиғаға бай­ла­нысты «Шалқар» радиосынан көптеген ха­бар берілді. Оған атақты ғалымдарымыз, та­рихшыларымыз, философтарымыз қатыс­ты. Ұсақ-ұсақ тайпалардан үлкен мемлекетке айналған қазақтың тарихы айтылды. Мұның бәрін қалай ұмытуға болады. Бұл «Шалқар» радиосының, сол «Шалқарда» жұмыс істеген адамдардың, Қазақ радиосы басшылығының көрегендігінің жақсы көрінісі деп ойлаймын.

Халифа Алтай хабар жүргізді

– Иә, 90-жылдардың аяғында діни ағартушы, жазушы Халифа Алтай аға­мыз да «Шалқар» радиосында хабар жүр­гізгенін білеміз...

– Мен ол кезде «Шалқар» бағдарла­масы­ның бас редакторы болатынмын. 1994 жыл­дан 1997 жылға дейін «Шалқарға» басшылық жа­садым дедім ғой, сонда «Қасиетті қағи­да­лар» деген айдар аштық. Сол кездерде Ха­ли­фа Алтай ағамыз Түркиядан Қазақстанға көшіп келген еді. Хабарда қасиетті Құран тура­лы, оның аят-сүрелері туралы және ха­дистер жайында айтылды. Хабардың ре­дак­торы Төлеу Қосанов болды. Халифа ағамыз Түр­кияда тұрғанда «Шалқарды» тыңдайды екен. Бізге келгенде «Шалқар» оның жүре­гін­де, әрдайым жанында екенін айтқан бо­ла­тын. «Шалқар» – нағыз қазаққа керек ра­дио» деген болатын.

– Радиожурналист болудың жауап­кер­шілігі неде деп ойлайсыз?

– Радиожурналист, әсіресе, ақпарат ре­дак­циясында жұмыс істейтін журналистерге сергектік керек. Аяқ астынан болатын оқи­ғаларға, тапсырмаларға дайын болу ке­рек. Бейқам отырған кезде бір жерде қандай да бір оқиға болып жатса, соған жедел бара ала­тындай болу керек. Ал жалпы журна­лис­терге саяси сауаттылық қажет, жауапкерші­лік­ті ұмытпауы керек. Өйткені радио – бүкіл елдің, мемлекетіміздің мұңын мұңдайтын, мүддесін қорғайтын ақпарат құралы. Таза, көр­кем, әдемі сөйлей білуі керек. Жалған сөй­лемеуі керек. Шапшаңдық пен жеделдік қа­жет ақпарат журналисіне. Міне, сонда ғана олар діттеген мақсатына жетеді.

– Апай, журналист болғысы келетін жастарға қандай ақыл-кеңес айтатын едіңіз?

– Әйтеуір диплом алу үшін оқып, кейін өз мамандығымен жұмыс істемесе, ол – бе­кер өткен уақыт, зая кеткен жылдар. Алды­мен мамандық таңдағанда, сен мамандықтың қыр-сырын түсінесің бе,  саған ұнай ма, әлде, дип­лом үшін ғана оқығың келе ме? Сон­дық­тан ең бірінші мамандықты сүю керек, екін­ші біліміңді әрдайым көтеріп отыруың ке­рек. Тек қана айналаңдағы, қоршаған ортаң­дағы ғана жаңалықтарды білу аз, әлемдік масштабтағы жаңалықтарды біле жүрген аб­зал­. Ең бастысы – өзіңнің қалаған маман­ды­ғыңды жан-тәніңмен жақсы көруің керек. Соған өміріңді арнауың керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен – 
Оңғар ҚҰРАЛ

Тэгтер:

Шалқар Руслана Құдайбергенова