Азаматтық қоғам мінезден басталады

Бүгін, 16:00 / Арайлым Жолдасбекқызы
сурет: istockphoto.com

Азаматтық қоғам дегенде, көбіне ұйымдарды, белсенділерді, митингілерді елестетеміз. Бірақ шын мәнінде ол әлдеқайда қарапайым әрі көзге көрінбейді. Ол көшеде қоқыс тастамаудан, кезекте орныңды сақтаудан, өз құқығыңды талап етіп, өзгенің құқығын бұзбаудан басталады. Егер қоғам осы қарапайым нормаларды ұстанбаса, ең жетілген заңдар мен институттардың өзі толыққанды азаматтық қоғамды қалыптастыра алмайды. Себебі азаматтық қоғам – ең алдымен мәдениет.

Азаматтық қоғам заңдардың көптігімен емес, сол заңдарды адамдардың қалай қа­был­дайтынымен өлшенеді. Егер ереже тек ба­қылау мен жазадан қорыққан кезде ғана сақ­талса, оны тәртіптің емес, қорқыныштың нәти­жесі деуге болады. Мұндай жағдайда «ұстал­масам болды» деген ойлау жүйесі қа­лыптасады. Яғни, адам әрекетінің моральдық жағын емес, тек салдарын есептейді. Ал аза­мат­тық қоғамның өзегі «ешкім көрмесе де, бұл дұрыс емес» деген ішкі шектеу. Бұл – құ­қық­тық мәдениеттен де терең, тұлғаның ішкі жауапкершілігіне тірелетін деңгей.
Дамыған азаматтық мәдениетте қоғам­дық кеңістік жеке кеңістіктің жалғасы ретін­де қабылданады. Яғни, адам өз үйін қалай күтіп ұстаса, ортақ ортаны да солай қорғауға ты­рысады. Мұндай көзқарас сырттан таңыл­май­ды. Ол тәрбиеден, әлеуметтік тәжірибе­ден, әділеттілікке деген сенімнен қалыпта­са­ды. Сондықтан азаматтық қоғамды қалып­тас­тыру туралы сөз болғанда, мәселені тек заң­намадан немесе бақылауды күшейтуден із­деу жеткіліксіз. Негізгі мәселе – адамның ішін­де қандай норма үстем: жазадан қашу ма, әлде жауапкершілік сезімі ме?
Бұл жерде маңызды бір заңдылық бар. Қоғамдағы ұсақ тәртіп бұзушылықтар еленбей қалған сайын, үлкен нормалардың да құны төмендей бастайды. Қоғамдық кеңіс­тікті пайдалану мәдениеті де осы айыр­ма­шылықты айқын көрсетеді. Көшедегі қо­қыс, сынған инфрақұрылым, вандализм тек тұр­мыстық мәселелер емес, азаматтық жауап­кершіліктің деңгейін көрсететін белгі­лер. Мұндай ұсақ көрінетін әрекеттерге қо­ғам­ның бейжай қарауы үлкен нормалардың да құнсыздануына әкеледі. Себебі адам кү­н­делікті өмірде ережені бұзуға үйренсе, ол бұл мінез-құлықты басқа салаларға да оңай кө­­шіреді. Осылайша, заң бұзу жұқпалы мі­нез­ге айналады.
Сондықтан азаматтық қоғамды тек ірі сая­си процестерден іздеу шынайы карти­на­ны толық ашпайды. Ол ең алдымен адамның күн­делікті таңдауларынан көрінеді. Мәселен, ке­зекте тұру, жол беру, қоғамдық мүлікке ұқып­­­ты қарау, әлсіздің құқығын таптатпау. Бұл әрекеттер ұсақ болып көрінгенімен, олар жи­нақталып, қоғамның жалпы мінезін қа­лыптастырады. Егер осы деңгейде жауап­кер­ші­лік әлсіз болса, жоғары деңгейдегі инс­ти­туттар да тұрақты жұмыс істей алмайды.
Осы жерде жауапкершілікті өзгеге аудару де­­ген тағы бір маңызды мәселенің шеті қыл­тияды. Көп жағдайда адамдар қоғамдық тәр­тіпті тек мемлекет қамтамасыз етуі керек деп есептейді. Бірақ азаматтық қоғамда мем­лекет ережені бекітеді, ал қоғам оны күн­де­лікті өмірде жүзеге асырады. Осы тұрғыдан ал­ғанда, азаматтық қоғам сырттан орнаты­ла­­тын құрылым емес, іштен өсетін құбылыс. Ол әр адамның «менен басталады» деген тү­сінігінен құралады. Қоғамдық кеңістікке де­ген көзқарас өзгермей, құқықтық мәде­ниет те, азаматтық белсенділік те толық­қан­ды қалыптаспайды. Сондықтан мәселе тек заң­ның орындалуында емес, сол заңды орын­дауға деген ішкі дайындықта жатыр.
Азаматтық қоғамның негізі – адамның іш­кі тәртібі. Заңнан қорыққандықтан емес, «со­лай дұрыс» болғандықтан ережені сақ-
тау – дамыған қоғамның белгісі. Көп жағдай­да бізде тәртіп сыртқы бақылауға тәуелді. Ка­мера бар жерде – тәртіп бар, бақылау жоқ жер­де бейберекет әрекет пайда болады. Бұл жерде «ұсталмасам болды» және «бұл дұрыс емес» деген екі түрлі логика қақтығысады. Бірін­шісі – жазадан қашуға негізделген ой-лау жүйе­сі, екіншісі – ішкі моральдық шек-теуге сүйе­нетін ұстаным. Егер қоғамда бірінші мо­дель басым болса, заң формалды ережеге ай­налады. Заң бар, бірақ оны айналып өтудің жо­лы да бірге қалыптасады. Ал екінші моде­ль үстем болғанда, заң мен мораль бір-бірін то­­­лықтырып, тұрақты тәртіп қалып­тас­тыра­ды. Мұнда мәселе заңның әлсіздігінде емес, оны қабылдау мәдениетінде. Қоғамдық кеңіс­­тікке деген қатынас – азаматтық сана­ның ең нақты индикаторларының бірі.
Осы тұрғыдан алғанда, азаматтық қо­­ғам­ды қалыптастыру тек заңдар­ды күшейту не­месе бақылауды арттыру ар­қы­лы шешілмейді. Негізгі өзгеріс адамның ішін­де жүруі керек. Ережені сақтау – мәж­бүр­лік емес, саналы таңдау деңгейіне жет­кен­де ғана қоғам сапалық тұрғыда өзгереді. Ал бұл ұзақ процесс, ол білім, тәрбие, қоғам­дық тәжірибе арқылы біртіндеп қалып­та­сады.
Қазақ қоғамында мінез-құлықты рет­тей­тін ең күшті тетіктердің бірі – «ұят болады» де­ген ұғым. Осындай мәдени код қоғамда бел­гілі бір тәртіпті ұстап тұруға көмектеседі, өйт­кені адам заңнан бұрын қоғамдық пікір­ден именеді. Яғни, сыртқы бақылаудан гөрі, әлеуметтік қысым арқылы реттеу механизмі жұмыс істейді.
Бірақ дәл осы норма кей жағдайда аза­мат­тық белсенділікке кедергі кел­тіре­ді. Адамдар көбіне өз құқығын талап етуден гөрі, жанжалдан қашуды жөн көреді. Дауласу – «тәрбиесіздік», талап қою – «артық кету» сияқ­ты қабылданады. Соның салдарынан заң­ды талаптың өзі кейде әлеуметтік тұр­ғыда айыпталатын әрекетке айналады.
Сонда қоғамды ұят реттей ме, әлде құ­қық па? 
Бұл жерде мәселе ұят ұғымының өзінде емес, оның шекарасында. Егер «ұят» адамды әді­летсіздікке көз жұмуға итермелесе, ол реттеуші емес, тежегішке айналады. Яғни, қо­ғамда тыныштық сақталғанымен, бұл ты­ныштық шынайы келісімнің емес, басылған нара­зылықтың нәтижесі болуы мүмкін. Мұн­дай жағдайда азаматтық қоғам сырттай бар сияқты көрінгенімен, оның ішкі маз­мұны әлсіз болады.
Ал құқық мәдениеті мүлде басқа ло­ги­ка­ға сүйенеді. Ол адамның өз мүддесін қор­ғауын қалыпты, тіпті қажет әрекет ретінде қа­былдайды. Құқықтық сана қалыптасқан қо­ғамда талап қою конфликт емес, диало­г­тың бір бөлігі. Адам өз құқығын қорғау ар­қы­лы тек жеке мәселесін шешпейді, жалпы ере­женің сақталуына да үлес қосады.
Сондықтан бұл жерде негізгі сұрақ «ұят па, әлде құқық па?» деген таңдауда емес, осы екеуі­нің тепе-теңдігінде. Ұят әлеуметтік үйле­сімділікті сақтаса, құқық әділеттілікті қам­тамасыз етеді. Егер осы екі жүйе бірін-бірі толықтырмаса, біреуі міндетті түрде ба­сым түсіп, қоғамның дамуын тежейді. Ал аза­маттық қоғам үшін ең маңыздысы адам ұял­ғандықтан емес, құқығын түсінгендіктен әрекет ететін деңгейге жету.
Азаматтық қоғамның ең нәзік, бірақ ең маңыз­ды тіректерінің бірі – сенім. Бұл тек мем­лекет институттарына деген сенім емес, адам­дардың бір-біріне деген базалық сенімі. Бейтаныс адамның да ережені сақтайтынына, алдамайтынына, ортақ нормаларды бұзбайтынына деген ішкі сенім. Егер қоғамда «бәрі алдайды», «ешкім адал емес», «ережені сақ­таудың қажеті жоқ» деген түсінік үстем бол­са, онда кез келген заң мен ереже фор­мал­ды сипатқа айналады. Себебі адамдар ере­жені сақтау үшін емес, оны айналып өту үшін бейімделе бастайды.
Сенім әлсіреген жерде адам өзін үнемі қорғануға мәжбүр сезінеді. Ол өз мүд­десін қорғау үшін жүйеге емес, жеке бай­ланыстарға, таныстыққа, бейресми жолдарға жү­гінеді. Мұндай жағдайда ортақ ережеге емес, жеке пайдаға негізделген мінез-құлық кү­шейеді. Ал бұл өз кезегінде әділеттілік қа­ғидатын бұзып, қоғамдағы теңсіздік сезі­мін тереңдетеді. Нәтижесінде, адамдар заңға емес, жағдайға қарай әрекет ететін орта қа­лыптасады.
Сенімнің тағы бір маңызды қыры – ұжым­дық әрекетке дайындық. Азаматтық қо­ғам тек жеке жауапкершіліктен емес, ор­тақ мүдде үшін біріге алудан тұрады. Бірақ адам­дар бір-біріне сенбесе, олар бірігуге де дайын болмайды. Кез келген бастама кү­мәнмен қабылданады, ал ортақ іске қатысу тәуекел сияқты көрінеді. Бұл – қоғамның іш­кі байланыстары әлсірегенінің белгісі. Есте сақтау керек ең маңызды дүние, сенім заң­мен немесе бұйрықпен енгізілмейді, адам­дар­дың күнделікті тәжірибесі арқылы қа­лыптасады. Ол әділ шешімдер, ашық ере­же­лер, орындалатын уәделер. Егер адам жүйе­нің әділ жұмыс істейтінін көрсе, ол ережеге де, адамдарға да сеніммен қарай бастайды. Ал керісінше жағдайда, сенімсіздік қалыпты күйге айналып, кез келген қоғамдық бас­таманың дамуын тежейді.

Сондықтан азаматтық қоғамның сапасын бағалау үшін тек заңдарға немесе институттарға қарау жеткіліксіз. Негізгі көрсеткіш – қоғамдағы сенім деңгейі. Себебі сенім бар жерде ынтымақтастық бар, ал ынтымақтастық бар жерде азаматтық қоғам да өміршең болады.

А.БИМЕНДІ

Тэгтер:

Азаматтық қоғам