Қазіргі қоғамның даму бағыты әрбір адамның, оның физикалық немесе психикалық ерекшеліктеріне қарамастан толыққанды өмір сүру құқығын мойындауға негізделген. Иә, бұл – гуманизмнің басты қағидаларының бірі. Кейінгі жылдары инклюзия ұғымы тек ғылыми ортада ғана емес, мемлекеттік саясат пен қоғамдық дискурстың негізгі тақырыптарының біріне айналды. Елімізде де инклюзивті білім беру адами әлеуетті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әрбір баланы оның қажеттіліктеріне қарамастан қолдау әділетті әрі орнықты қоғам қалыптастырудың негізгі шарты. Біз осы мақаламызда аталған бағытта қандай іс-шаралар жүзеге асып жатқанын, қандай мәселелер барына тоқталмақпыз.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдар – бұл тек медициналық тұрғыдан шектеуі бар жандар ғана емес. Олар да қоғамның белсенді мүшесі, өз арманы, қабілеті мен мақсаты бар тұлғалар. Дегенмен олардың әлеуетін ашу үшін қоғамдық сана мен ортаның қолайлы болуы өте маңызды. Көп жағдайда адамдар мұндай азаматтарға жанашырлық танытқанмен, шын мәніндегі қолдау олардың тең дәрежеде өмір сүруіне жағдай жасау екенін түсіне бермейді. Мысалы, ғимараттардағы пандустар, дыбыстық бағдаршамдар, арнаулы білім беру ресурстары мен жұмыс орындары – жай ғана ыңғайлылық емес, бұл әлеуметтік әділеттіліктің көрсеткіші.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, бүгінде әлемде шамамен 1,3 миллиард адам, яғни жер шарындағы халықтың шамамен 16 пайызы белгілі бір деңгейдегі мүгедектікпен өмір сүреді. Бұл – әрбір алтыншы адам ерекше қажеттіліктерге ие деген сөз.
Көптеген дамыған ел инклюзивті саясатты мемлекеттік деңгейге көтеріп отыр. Мысалы, Жапонияда компаниялар ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмысқа қабылдауға міндетті, ал Еуропада әрбір мекеме «қолжетімді орта» қағидатына сай болуы тиіс. Францияда инклюзия саясаты қоғамның барлық саласында жүйелі енгізілсе де, әлі де толық бейімделу мәселесі өзекті.
Инклюзивті білім беру – қазіргі заманның маңызды үрдісі ғана емес, жалпы білім беру жүйесін дамытудың табиғи және заңды бөлігі, арнайы білім қажеттіліктерін меңгерген, ерекше балаларға білім берудің жалпы тәсілі. Атауына келсек, «инклюзивті білім беру» француз тілінен аударғанда «inclusif» «өзіне ендіру» дегенді білдірсе, латын тілінен аударғанда «include» «ену» дегенді білдіреді. Ол балалардың дене, психикалық, зияткерлік, мәдениэтникалық, тілдік және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, сапалы білім беру ортасына айрықша білім алу қажеттіліктері бар балаларды қосуды, барлық кедергілерді жоюды, олардың сапалы білім алуы үшін және олардың әлеуметтік бейімделуін, социумге кірігуін көздейді. Іс жүзінде әлемнің дамыған барлық елінде бұл жаңа білім беру бағыты қабылданған. Бүгінде инклюзияны немесе білім беру ортасына кіріктіруді, ерекше қажеттіліктері бар балаларды басқа дамуы қалыпты оқушылармен бірге оқыту деп те атауға болады. Ерекше білім алуды қажет ететін балалар осындай тәжірибе арқылы басқа балалармен араласады, өседі, дамиды және қалыпты білім беру мекемесіне барып, онда өз достарын табады. Жалпы айтқанда, барлық балалар сияқты өмір сүреді.
Ғылым не дейді?
2024 жылы «Психологическая наука и образование» журналында жарияланған зерттеу инклюзивті және сегрегациялық тәсілдердің тиімділігін салыстырды. Зерттеуге ерекше білім беру қажеттіліктері бар 68 студент қатысқан. Эксперимент аясында бір топта аралас (инклюзивті) форматта, екінші топта сегрегациялық (оқшауланған) формат қолданылды.
Зерттеу нәтижесі бойынша сегрегациялық топтардағы студенттердің психологиялық жағдайы айтарлықтай нашарлаған. Атап айтқанда көңіл күй деңгейі төмендеген, өзін-өзі бағалау нашарлаған, белсенділік азайған. Ал инклюзивті ортада оқыған студенттерде бұл көрсеткіштер әлдеқайда тұрақты болған. Бұл деректер сегрегацияның, яғни адамдарды бөлек оқыту немесе оқшаулау психоэмоционалды тұрғыдан тиімсіз екенін көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, тиімді инклюзия бірнеше негізгі шартқа сүйенеді. Атап айтсақ, білім беру ортасының бейімделуі, психологиялық-педагогикалық қолдау, ата-аналар мен мамандардың бірлескен жұмысы және кедергісіз орта қалыптастыру.
Еліміздегі жағдай
Қазақстанда кейінгі жылдары инклюзивті қоғам құруға бағытталған нақты қадамдар жасалуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елімізде шамамен 740 мыңға жуық адам, яғни халықтың 3,6 пайызы ерекше қажеттіліктері бар азаматтар болып тіркелген. 2024 жылдың соңына қарай елімізде 22 мыңнан астам әлеуметтік инфрақұрылым нысаны – мектептер, емханалар, мәдениет үйлері мен спорт залдары – бейімделген.
Сондай-ақ электронды «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы азаматтар оңалту құралдарына онлайн өтініш бере алады. БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен мұражайлар мен мәдениет орындары ерекше адамдар үшін қолжетімді бола бастады.
Жуырда Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленді. Құжат балалық шақ мәселелеріне бірыңғай көзқарас қалыптастырып, қолданыстағы шаралар мен бағдарламаларды тұтас жүйеге біріктіреді. Биыл қаңтар айында Үкіметтің шешімімен бекітілген аталған тұжырымдама балалардың құқықтарын қорғауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың жан-жақты дамуына бағытталған алғашқы бірыңғай стратегиялық құжат болып табылады. Онда 158 іс-шара мен 10 негізгі индикатор көзделген.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова: «Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – әрбір баланың білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғалу және отбасында тәрбиелену құқықтарын қамтамасыз ететін жүйелі әрі үйлестірілген тәсілді қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін құжат балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді нығайтуға бағытталған. Қазақстан бала құқығын қорғауға арналған мақсатты ұлттық стратегиясы бар санаулы мемлекеттердің бірі», – деген еді.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасында бала құқығын қорғау саласында жаңа жүйелі тәсілдерге көшу көзделген. Алғаш рет баланың өмірлік жолын цифрлық сүйемелдеу тетігі енгізіліп, онлайн қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, инклюзивті орта мен өңірлердегі қолжетімді балалар инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріледі. Сондай-ақ медициналық және оңалту ұйымдарының желісін кеңейту жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, мектептерде ерекше назарды қажет ететін балаларды педагогикалық сүйемелдеу жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе арқылы әрбір бала үшін педагогтар, мектеп психологтары және ата-аналардың қатысуымен жеке профилактикалық жұмыс жоспары әзірленеді. Бұл іс-шара тәуекел тобына жататын оқушыларды ерте анықтап, оларға уақытылы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге бағытталып отыр.
Жаңашылдық 2025 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының заңында көзделген. Норма 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енді. Қазір Оқу-ағарту министрлігі педагогикалық сүйемелдеу қағидаларын бекіту бағытында жұмыс жүргізуде.
Сүйемелдеу аясында педагогтар мен мектеп психологтары баламен жеке жұмыс жүргізеді, ата-аналармен өзара іс-қимыл қамтамасыз етіледі, қажет болған жағдайда әлеуметтік қызметтер тартылады. Бұл іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балаларға дер кезінде көмек көрсету.
Сонымен қатар қабылданып жатқан іс-шаралар аясында елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау инфрақұрылымы кезең-кезеңімен кеңейтілу үстінде. Қазір Қазақстанда 537 бейінді ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында 48 балабақша, 99 мектеп, 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 238 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 12 аутизм орталығы және 14 оңалту орталығы бар. Қолдау кабинеттерінің саны 1 095-ке дейін артты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі мектептердің 95,2 пайызы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға жағдай жасаған. Инклюзивті ортада 94 527 бала білім алуда. Мемлекеттік тапсырыс аясында 7 775 мүмкіндігі шектеулі бала психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған.
Қазір еліміздің білім беру ұйымдарында 3,8 мың педагог-ассистент және 10 275 арнайы педагог қызмет атқаруда.
Сондай-ақ мектептерде мүмкіндігі шектеулі және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға жеке көмекші лауазымы енгізілді. Нәтижесінде, 129 ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаға физикалық сүйемелдеу көрсетілді, оның ішінде бұрын үйде оқыған 45 бала жалпы білім беретін мектептерде білім алуға мүмкіндік алды.
Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған инфрақұрылым белсенді дамып келеді. Бүгінде 516 арнайы ұйым жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аутизм орталықтарының желісі кеңейтілуде, сондай-ақ ерте жастан бастап мамандық алуға дейінгі балаларды кешенді сүйемелдеу тұжырымдамасы бекітілді. Айта кетейік, инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған білім беру ұйымдарының үлесі 93,3%-ды құрайды. Ал арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалар саны 87%-ға жеткен.
Жасанды интеллект – жаңа мүмкіндіктер
Қазір инклюзивті білім беру бағытында жасанды интеллект технологиялары үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Біріншіден, ЖИ инклюзивті білім беруде жеке оқу траекториясын қалыптастыруға көмектеседі. Арнайы алгоритмдер әр оқушының қабілеті мен даму қарқынын талдап, соған сай жеке оқу жоспарын ұсына алады. Мысалы, көру немесе есту қабілеті шектеулі балалар үшін мәтінді дыбысқа айналдыратын, бейнематериалды субтитрмен қамтамасыз ететін жүйелер тиімді қолданылады. Екіншіден, жасанды интеллект мұғалімге көмекші құрал ретінде қызмет етеді. Ол оқушылардың үлгерімін автоматты түрде бақылап, қиындық туындаған сәтте мұғалімге ескерту жібереді. Осылайша, педагог әр баланың даму ерекшелігін ескеріп, уақытында қолдау көрсете алады. Сонымен қатар ЖИ негізінде жасалған виртуалды ассистенттер мен чатботтар ерекше балалардың тілдік және коммуникативтік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай бағдарламаларда эмоцияны тану, сөйлеуді түзету және қарым-қатынасқа үйрету функциялары бар.
Сондай-ақ инклюзивті ортада ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды. Жасанды интеллекттің көмегімен оқу материалдары бірнеше форматта – мәтін, аудио, бейне және тактильді түрде ұсына алады. Бұл мүмкіндігі шектеулі балалардың білімге қызығушылығын арттырып, оқыту сапасын жақсартады. Мемлекет тарапынан да бұл бағыт назардан тыс емес. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында білім беру саласын технологияландыру, соның ішінде инклюзивті мектептерге арналған цифрлық шешімдерді енгізу қолға алынған. Astana Hub және Bilim Media Group секілді орталықтар осы бағытта пилоттық жобалар әзірлеуде. Болашақта ЖИ мен педагогиканың үйлесімді дамуы – инклюзивті қоғам қалыптастырудың басты шарты болмақ.
Дегенмен мәселе де жоқ емес
ЮНИСЕФ-тің «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің жағдайын талдау» (2024) есебінде елдегі балалар мен жасөспірімдердің ахуалына жан-жақты шолу ұсынған. Бұл талдауда денсаулық және тамақтану, білім беру, баланы әлеуметтік қорғау және көмек жүйесі, қоршаған орта бейімдеу салаларындағы жетістіктермен қатар, мүгедектігі бар, ауылдық жерлерде тұратын, тағы да басқа ең осал топтардың құқығын толық жүзеге асыруына кедергі келтіретін теңсіздіктер анық көрсетілген.
Есепке сәйкес, 2010 жылы ЕБҚ бар балалар саны 28 175 болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 107 839-ға жетіп, 283%-ға артқан. Ал 2023 жылы 6-18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар саны 137 434-ке жетті. Соған қарамастан, 2023–2024 оқу жылында олардың тек 38%-ы (52 655 бала) ғана орта білім беру ұйымдарына тартылған. Бұл инклюзивті білім берудің қамту деңгейі әлі де жеткіліксіз екенін аңғартады.
Мектепке дейінгі білім беру саласында да теңсіздік байқалады. 2021 жылғы деректер бойынша, ЕБҚ бар балалардың тек 11%-ы жалпы балабақшалардағы арнайы топтарға, ал 13%-ы арнайы балабақшаларға барған. Бұл көрсеткіштер ерте жастан инклюзивті ортаға қолжетімділік шектеулі екенін көрсетеді, ал дәл осы кезең баланың әлеуметтік бейімделуі үшін аса маңызды.
Мәселенің маңызды қыры – жүйелік кемшіліктер. Инклюзивті білім беру саясаты көбіне «жоғарыдан төмен» қағидатымен жүзеге асырылады, бұл мектептер, мұғалімдер, ата-аналар мен оқушылардың нақты қажеттіліктерін толық ескермеуге әкеледі. Мұғалімдердің ЕБҚ бар балалармен жұмыс істеуге даярлығы жеткіліксіз, ал біліктілікті арттыру тәсілдері ескірген, дейді есепте.
Сонымен қатар мектептердегі инклюзивті тәжірибелерді бақылау мен бағалау жүйесі әлсіз дамыған. Инфрақұрылымдық және технологиялық қамтамасыз ету де жеткіліксіз деңгейде қалып отыр. Кейінгі жылдары білім беру саласына бөлінетін қаржының бір бөлігі цифрландыру мен мұғалімдердің жалақысын арттыруға бағытталғанымен, бұл инвестициялар ЕБҚ бар балалардың нақты қажеттіліктерін толық жаба алмайды. Қолжетімді орта (пандустар, лифттер, арнайы жабдықтар) мен көмекші технологиялар барлық білім беру ұйымдарында бірдей енгізілмеген.
Зерттеуде қоғамдық көзқарас та маңызды факторлардың бірі болып отырғанын айтады. Мәселен, ата-аналардың 70 пайызы ерекше қажеттіліктері бар балалардың балабақшаға баруын қолдайтынын көрсеткенімен, олардың тек 33 паызы ғана өз баласының сол ортамен бірге болуына дайын. Сонымен қатар ата-аналардың жартысына жуығы мұндай балалармен бірге оқуға немесе ойнауға қарсылық білдіреді. Бұл қоғамда түсініспеушіліктің әлі де жоғары екенін дәлелдейді. Мамандар арасында да пікір біркелкі емес: денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің тек 17 пайызы және білім беру саласының 57 пайызы ғана инклюзивті орта идеясын толық қолдайды.
Халықаралық деңгейде де алаңдаушылық бар. 2024 жылы мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитет Қазақстанда көптеген баланың әлі де үйде оқшауланған түрде білім алатынын атап өтті. Сонымен қатар интернаттық мекемелердегі балалардың сапалы білімге қол жеткізуі де күмән тудырады. Соған қарамастан, жасөспірімдердің көзқарасы инклюзивті қоғам қалыптастыруда оң өзгерістердің бар екенін көрсетеді. Олар мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамға толық интеграциялау, тең қарым-қатынас орнату және бұл құндылықтарды ерте жастан қалыптастыру қажеттігін атап өтеді. Жастар білім беру мен еңбек нарығында тең мүмкіндіктер жасау, қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру және кемсітушілікті жоюды басты басымдық ретінде көреді. Бір айта кетерлігі, бұл 2024 жылдың есебі болғандықтан қазіргі жағдай біршама жақсарған болуы да мүмкін. Ал ЮНИСЕФ-тің өткен жылғы есебі әлі дайын болмаған сынды. Дегенмен жоғарыда біз келтірген еліміздегі жетістіктер бұл саланың олқылықтарының орнын жабады деп сенеміз.
Түйін:
Кейде қоғам ерекше адамдарды аяйды, бірақ қабылдай алмайды.
Ал шын мәнінде, оларға аяушылық емес, тең мүмкіндік пен құрмет қажет. Біз оларды «мүгедек» деп бөлмей, өмірдің түрлі салаларында, білімде, жұмыста, мәдениетте, спортта қатар жүрген азаматтар ретінде көруіміз керек. Мысалы, әлемде ерекше қажеттіліктері бар тұлғалар саясатта, өнерде, спортта үлкен жетістікке жетіп отыр. АҚШ-та Паралимпиада чемпиондары ұлттық батыр дәрежесіне ие болса, Жапонияда және Кореяда ерекше қажеттілігі бар өнерпаздар мен кәсіпкерлерді қолдау арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асады. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету бұл тек әлеуметтік міндет емес, адамгершілік борыш. Нағыз өркениетті қоғам – бәріміз бірге өмір сүретін, бір-бірімізді түсінетін және қолдайтын қоғам.
Наурызбек САРША