Балаға жақсы көретініңді көбірек айт

Бүгін, 15:15 / Арайлым Жолдасбекқызы

Бүгінде балалар мен жасөспірімдердің психологиялық саулығы кей отбасылардың ішкі шаруасы болудан қалып, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықтың ажырамас бөлігіне айналды. Біз өмір сүріп жатқан ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілер дәуірі жас буынның санасына бұрын-соңды болмаған салмақ салуда, сондықтан бұл тақырыпты үстірт қарастыру мүмкін емес. 

Жасөспірімдік кезең – бұл адам бала­сы­ның ең қорғансыз, сезімтал және ішкі қай­шылықтарға толы шағы. Дәл осы ке­зең­де баланың бойында өмірге деген сүйіс­пен­шілік пен психологиялық төзімділікті қа­лып­тастыру маңызды. Бұл мәселе үлкен­дердің назарынан бөлек кәсіби деңгейдегі сараптамалық көзқарас пен шексіз сабыр­ды талап етеді. 
Психологиялық қолдау көрсетудің не­гізі баланы қорқыту немесе бақылау емес, оның ішкі әлемінде сенімді қалыптастыру болу­­ға тиіс. Себебі жасөспірімдердің дес­трук­­тивті мінез-құлыққа бейімделуінің бас­­ты себебі көбіне материалдық жетіс­пеу­шілік емес, рухани жалғыздық пен түсін­беу­­­шілік. Көптеген ата-ана баланың қажет­тіліктерін тек киіммен, тамақпен немесе оқу ақысымен өлшеп, эмоциялық байла­ныс­­ты екінші орынға ысырып қояды. Алай­­­да ең ауқатты отбасылардың балалары да өзін керексіз сезінетінін өмірдің өзі көр­сетіп отыр. Мысалы, мектептегі оқу үл­ге­рімі жоғары, сырттай өте үлгілі көрі­не­тін оқушының бойында «мінсіз болу» үрейі немесе ата-ана үмітін ақтай алмай қалу қорқынышы туындауы мүмкін. Мұн­дай бала кенеттен сәтсіздікке ұшыраса, ол мұ­ны бүкіл өмірінің күйреуі ретінде қабыл­дап, тұйыққа тіреледі.
– Бұл отбасын таңдамайды. Қиын отба­сы­нан шыққан балада да, ауқатты отба­сын­да өскен балада да мұндай ой болуы мүм­кін. Жақсы оқитын бала тек жетістігім үшін жақсы көреді деп қателеседі. Сон­дық­тан кішкентай бір қателіктің өзіне уайым­дап, қиындықты көтере алмай жатады. Оған қоса, ата-ананың немесе қоғамның үмі­тін ақтамаудан қорқады. Сондықтан ата-ана балаға деген махаббатының мек­тептегі бағамен, түрлі жетістікпен, сыртқы факторлармен өлшенбейтінін көрсетуі керек, – дейді психолог Сымбат Махметова. 
Бала мен ересек адамның арасындағы диа­лог – бұл жай ғана ақпарат алмасу емес, бұл эмоциялық қауіпсіздік кепілі. Сондық­тан бүгінде жасөспірімдердің басым бөлігі өз мәселелерін ата-анасына емес, әлеу­мет­тік желідегі бейтаныс адамдарға немесе кү­мәнді топтарға айтуды жөн көруі бізді қат­ты ойландыруға тиіс. Үйде оларды кө­бі­не ақыл айту, сөгу немесе «менің кезімде бұ­дан да қиын болған» деген салыстырулар кү­тіп тұратын болса, бала бұл ортадан қа­ша бастайды. Мәселен, жасөспірімнің ал­ғаш­қы махаббат сезіміне немесе досымен рен­жісуіне ересектер «бұл өткінші нәрсе, одан да сабағыңды оқы» деп жауап берсе, ба­ла бұл мәселесінің ешкімге маңызды емес еке­нін түсінеді де, өз ішіндегі «дауылмен» жал­ғыз қалады. 
– Өмірден түңілген жасөспірім дөрекі сөйлеп, жиі жанжал шығара бастайды, бұл сырт­тай агрессия сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде бала өзіне назар аудартып, ішкі жан дүниесін солай жеткізгісі келеді. Мұны психологияда жанама көмек сұрау дей­ді. Кейбір жасөспірім сөзбен жеткізе ал­маса, шығармашылық арқылы көрсетуге ты­рысады. Мысалы, салатын сурет, жаза­тын күнделіктері, тыңдайтын әндерінен байқалады. «Жағдай ушығып кетеді» немесе «мені түсінбейді» деген ойларын ашық айта алмайды, ортасынан осындай әрекетпен кө­мек сұрайды. Сондықтан ең алдымен жа­сөспірімнің көңіл күйін бақылап, бала өзін жайлы, қауіпсіз сезінетін атмосфера жа­сау керек. Ата-ана құшақтап, жақсы көре­тінін сөзбен жеткізіп, іс-әрекетпен көр­сетуге тырысқаны дұрыс. Әңгіме бары­сында баланы айыптамай, ұрыспай, оның айтатынын соңына дейін тыңдау, сөзін бөлмеу маңызды. Сіздің тыңдап отырға­ныңыз­ды бала сезінуі керек, сонда ғана сенім артады. Алдымен жалпы тақырыптар­ды талқылап, содан кейін ғана мектептегі қиындықтар туралы сұрақтарға көшкен жөн, – дейді психолог маман.
Әрбір бала – біздің болашағымыздың ай­насы, ал сол айнаның сызатсыз болуы біз­дің оларға жылы сөзіміз бен шынайы құ­шағымызға, олардың мәселесін құнсыз­дандырмай, тең дәрежеде тыңдай білуімізге байланысты. Өмірге құштарлық – бұл мейі­рім мен сенім егілген жүректе ғана бүр жара­тын гүл іспеттес. Сондықтан сол гүлді сол­дырмай, аялап өсіру – әрбір саналы аза­маттың қасиетті борышы. Біз қоғам бо­лып баланың үнсіздігін естуді үйренгенде ғана, олардың жарқын болашағына жол аша­мыз.

А.БИМЕНДІ

Тэгтер:

Бала психология