Парламент Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құжатқа сәйкес, Алатау жеке қаржылық моделі, арнайы басқару режимі және сапалық тұрғыдан жаңа деңгейдегі институционалдық базасы бар дербес экожүйе ретінде қарастырылады.
Қаланы басқару моделі қазіргі жергілікті әкімшілік басқару мен стратегиялық дамуды бөлу қағидатына негізделмек. Бұл нәтижеге жауап беретін бірыңғай орталық – Alatau City Authority құруға мүмкіндік береді. Әңгіме Премьер-Министр басқаратын Кеңес жетекшілік ететін, Үкімет құрамына кірмейтін мемлекеттік органға айналатын мемлекеттік қор нысанындағы әкімшілік туралы болып отыр.
Кеңес қаланы дамытуға қатысты стратегиялық шешімдерді, сондай-ақ әкімшілік актілерін бекітеді. Бұл актілердің заңдық күші жергілікті деңгейде заңдарға теңестіріледі. Әкімшіліктің атқарушы функциясын Бас атқарушы директор жүзеге асырады.
Бұл ретте мәслихат пен әкімдік сияқты конституциялық жергілікті басқару органдарының қызметі түбегейлі өзгермейді. Олар қаланың әлеуметтік, коммуналдық және саяси салалардағы күнделікті тіршілігін қамтамасыз етеді.
Алатауды дамыту әуел бастан толыққанды Smart City – «Digital by default» («Автоматты цифрлық») қағидатына негізделген зияткерлік қала ретінде қарастырылады. Басқарудың барлық негізгі процестері цифрлық форматта жобаланып, жасанды интеллектке негізделген шешімдермен терең ықпалдастырылады.