Жамбылда көлігінің нөмірін қағазбен жауып қойған жүргізуші ұсталды

Бүгін, 12:40 / Алуа Арман
polisia.kz

Жамбыл облысында көлігінің нөмірін қағазбен жапқан жүргізуші анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жамбыл облысының Жамбыл ауданы аумағындағы "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" республикалық маңызы бар автожолында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесінің өрескел бұзылуын анықтады.

Патрульдеу барысында тәртіп сақшылары мемлекеттік тіркеу нөміріндегі әріптері қағазбен жабылған Hyundai автокөлікке назар аударған.

Тексеру нәтижесінде жүргізушінің Түркістан облысының тұрғыны екені белгілі болды. Ол жоғары жылдамдықпен қозғалу кезінде бейнебақылау камераларына түсіп қалмау мақсатында мемлекеттік нөмірін әдейі жапқанын мойындады.

Аталған құқық бұзушылыққа байланысты жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған бір жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалып, сондай-ақ бір тәулікке әкімшілік қамаққа алу шарасы қолданылды.

Жамбыл облысы полиция департаменті 19 наурыздан бастап өңір аумағында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілетінін хабарлады. Іс-шара аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң талаптарының сақталуын бақылау күшейтілетіні ескертілді.

 

Тэгтер:

көлік жүргізуші Жамбыл облысы нөмір