Жүйелі түрде алаяқтықпен айналысқан Петропавл тұрғыны ұсталды

Бүгін, 10:53 / Алуа Арман
polisia.kz

Петропавл қаласында алаяқтық жасады деген күдікпен азамат ұсталды. Алайда жәбірленушілердің кейбірі келтірілген шығынға қарамастан, ұзақ уақыт бойы полицияға жүгінбей, уәде етілген қызметтің орындалуын күткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шаралары барлық полиция бөлімшелері тарапынан жүйелі түрде жүргізілуде.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері 37 жастағы қала тұрғынының алаяқтық әрекеттерге қатысы болуы мүмкін екендігі туралы жедел ақпарат алған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті жеке тасымалмен айналыса отырып, жолаушылардың сеніміне кіріп, жүргізуші куәлігін рәсімдеуге көмектесетінін ұсынған. Мұндай "делдалдық қызметтің" құны 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін бағаланған. Кейіннен әртүрлі құжаттарды рәсімдеу сылтауымен қосымша қаражат талап етілген.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері алынған ақпаратты жан-жақты тексеріп, күдіктіні ұстады.

Белгілі болғандай ол бұған дейін мүліктік қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта іс бойынша төрт жәбірленуші анықталды. Айта кету керек, олардың ешқайсысы полицияға өз еркімен жүгінбеген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 480 мың теңгеге дейін жеткен.

Іс материалдары Петропавл қалалық полиция басқармасына жолданып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция қызметкерлері азаматтарды күмәнді делдалдардың қызметіне жүгінбеуге және заңды рәсімдерді айналып өтудің елеулі қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін екенін есте сақтауға шақырады.

Тэгтер:

Алаяқ Петропавл