Түркістанда заң бұзған 118 шетел азаматы елден шығарылды

Бүгін, 09:39 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Түркістан облысында көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мақсатында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараға көші-қон қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, криминалдық және патрульдік полиция қызметкерлері жұмылдырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Рейдтік-профилактикалық шараның екі тәулігінде Түркістан облысында көші-қон заңнамасын бұзудың 344 дерегі анықталды. Оның ішінде 242-сі шетелдік және оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған материалдар сотқа жіберілді. Нәтижесінде сот шешімімен 118 құқық бұзушы елден шығарылды.

Сонымен қатар шетелдіктің болу тәртібін қамтамасыз етпеген 71 қабылдаушы тарап жауапқа тартылды. Ал шетелдіктің заңсыз жұмыс күшін еңбекке тартқан 31 ҚР-ның азаматына шара көрілді.

Мәселен Келес ауданы көші-қон қызметі тобының инспекторлары мен учаскелік полицейлері бірлесіп, рұқсат құжаттарсыз құрылыс жұмыстарын жасап, заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 17 шетелдіктен тұратын жұмыс тобын анықтады. Қазіргі таңда оларға қатысты материалдар жинақталып, сотқа жолданды.

Полиция аталмыш шетелдіктерді қабылдаушы тарапты анықтауда. Бұдан бөлек іс-шара кезінде полицейлер шетелдіктермен және жұмыс берушілермен көші-қон саласындағы заңнаманы қатаң сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.