Мәжіліс төрағасы: Өткен референдум қазақстандықтарды Президенттің реформаларының төңірегінде біріктірді

19 наурыз, 2026 / Дана Ізтілеуова
Мәжілістің баспасөз қызметі

Өткен референдум қазақстандықтар мен биліктің бірлігін көрсетті және реформаларды жүзеге асыруда маңызды тірекке айналды. Бұл жайында Мәжіліс төрағасы, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының жетекшісі Ерлан Қошанов республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттеріне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Мемлекет басшысы реформаларының табысты болуының құпиясы – халық пен биліктің бірлігінде. Бұл – өзгермейтін ақиқат. Біз біріксек, алынбайтын қамал, аса алмайтын бел болмайтынына талай рет көз жеткіздік», – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері ұлтымыз талай рет тар жол, тайғақ кешуден өткеніне тоқталды. Сол сынақтан бізді алып шыққан құдірет – халықтың береке-бірлігі мен ерік-жігері. Соңғы жылдардағы оқиғалар да осыған айқын дәлел. Арыстағы жарылыстар зардабын мемлекет пен қоғам бірге еңсерді. Екібастұзда да солай болды. Соңғы онжылдықтағы ірі тасқын кезінде қазақстандықтар тізе қосып, жұдырықтай жұмылды.

Палата төрағасының айтуынша, осының бәрі халық пен Президенттің қуатты бір команда екенін көрсетеді.