Ел бойынша 11 жоғары оқу орнында академиялық артықшылық және зерттеу орталықтары құрылып жатыр. Бұл орталықтар баламалы энергетикадан бастап биотехнология саласына дейін әртүрлі бағыттар бойынша маңызды зерттеулер жүргізетін болады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымымен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Біз қол жеткізген нәтижеге тоқмейілсіп, көрсеткіштермен мақтанбауымыз керек. Керісінше, жаңа мақсаттарға жету үшін тынымсыз еңбек етуіміз қажет. Әлемдік бәсеке күшейген кезеңде біз әрдайым жеңімпаз болуымыз керек. Қазақ халқы қандай жағдай болса да, өркениет көшінен қалмауға тиіс. Тарихымызда қилы қасіретті бастан өткердік. Осы бақ-қуатты өмірге жету үшін талай зобалаңды көрдік. Өркениет бізге өздігінен келмейді. Оны өздеріңіз де түсінетін шығарсыздар. Оған қол жеткізу үшін қоғам жұдырықтай жұмылып, күш біріктіруі қажет. Ғалымдар, технологтар, кәсіпкерлер, білімді азаматтар, тіпті, студенттер де ортақ іске атсалысқаны жөн", – дейді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы әкімдерге ғылыми-технологиялық саясатты жүргізу құзыреті берілгенін атап өтті.
"Жалпы, мемлекет өңірлерде ғылым мен инновацияны дамытуға ерекше назар аударып отыр. Соған сәйкес әкімдерге ғылыми-технологиялық саясатты жүргізу құзыреті берілді. Аймақтардағы 11 жоғары оқу орнында академиялық артықшылық және зерттеу орталықтары құрылып жатыр. Бұл орталықтар баламалы энергетикадан бастап биотехнология саласына дейін әртүрлі бағыттар бойынша маңызды зерттеулер жүргізетін болады. Түптеп келгенде, біз білім-ғылымды өзгелерден құр көшіріп алмай, өзіміз жасауымыз керек. Әлемдік ғылымда өзекті зерттеулер жасай алатын ғалымдар буынын тәрбиелеуіміз қажет", – дейді Мемлекет басшысы.