Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымымен өткен кездесуде адам капиталының сапасын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет екенін баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Келер ұрпақ біздің кейбір кемшіліктерімізге көз жұма қарайтын шығар. Бірақ олар Қазақстанды Әділетті, Қуатты мемлекетке айналдыратын, заң мен тәртіп, тазалық, табиғатты аялау, білім және ғылым салтанат құратын мүмкіндікті мүлт жібергенімізді ешқашан кешірмейді. Қазақстан осындай ел болуы керек. Біздің түпкі мақсатымыз – осы", – дейді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдардың Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми және технологиялық орталыққа айналдыра алатына сенім білдірді.
"Біз адам капиталының сапасын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет. Еліміздің ғылыми және академиялық қауымдастығының барлық өкіліне қарата айтқым келеді. Қазақстанның ертеңі қандай болады, қаншалықты жаңашыл әрі озық елге айнала аламыз? Бұл сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге, жұмыстарыңыздың нәтижесіне, ашқан жаңалықтарыңызға тікелей байланысты. Баршамыз күш жұмылдыра отырып, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми және технологиялық орталыққа айналдыра алатынымызға сенемін", – дейді Мемлекет басшысы.