Тіс емдетуге барған 36 жастағы әйел соқыр болып қала жаздады

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ресейде жай ғана тісін емдетуге барған 36 жастағы әйелдің жағдайы нашарлап, соқыр болып қала жаздаған. Бұл туралы жергілікті дереккөздер хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz 

Алдын ала мәліметке сәйкес, әйел жоғарғы жақ сүйегінде ет өскеніне байланысты жекеменшік клиникаға жүгінген. Дәрігерлер зақымданған тісті алып, сүйек тінін қалпына келтіру үшін арнайы материал орнатқан.

Алайда шамамен жарты жылдан кейін науқаста созылмалы гайморит белгілері пайда болған. Тексеру кезінде оң жақ мұрын қуысының іріңге толғаны және қабынудың көз аймағына қарай тарай бастағаны анықталған.

Қосымша диагностика барысында мұрын қуысынан бөгде зат табылған. Дәрігерлердің айтуынша, асқынуға тісті алғаннан кейін қойылған медициналық губка себеп болуы мүмкін.

Науқас шұғыл түрде ауруханаға жатқызылып, операция жасалды. Дәрігерлер ірің мен бөгде затты алып тастап, кейін антибиотиктермен ем жүргізген. Қазіргі уақытта әйел үй жағдайында емін жалғастырып жатыр.

Мамандардың айтуынша, дер кезінде көрсетілген медициналық көмек болмағанда, инфекция таралып, сүйек тінінің зақымдануына немесе миға әсер ететін ауыр қабыну процестеріне әкелуі мүмкін еді.

Тэгтер:

тіс стоматология