Абай облысындағы Орлов шахтасында қайғылы оқиға орын алып, салдарынан бір жұмысшы қаза тауып, екіншісі ауруханаға түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.
KAZ Minerals мәліметінше, оқиға 19 наурыз күні шамамен сағат 10:40-та болған. Шахта диспетчеріне екі қызметкердің зиянды газдан улану белгілерімен табылғаны туралы хабар түскен.
Зардап шеккендердің бірі медициналық мекемеге бара жатқан жолда көз жұмды. Екіншісіне көмек көрсетілді, оның жағдайы тұрақты деп бағалануда.
— Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда. KAZ Minerals тобы басқарма төрағасы Андрей Третьяков аталған оқиғаны жеке бақылауға алу үшін Орлов шахтасына бара жатыр, — деп хабарлады компания.
KAZ Minerals компаниясы қаза тапқан қызметкердің отбасына көңіл айтты.
— Басшылық пен ұжым марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Компания отбасысына барлық қажетті көмекті көрсетеді, — делінген баспасөз қызметінде.
Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тексеру жүргізілуде.