Cән тек талғам мен шығармашылықтың көрінісі емес, белгілі бір заңдылықтарға бағынатын күрделі жүйе. Соңғы зерттеулер сән индустриясында бұрыннан айтылып жүрген «20 жылдық цикл» теориясының ғылыми негізі бар екенін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
АҚШ-тағы Northwestern University ғалымдары бұл құбылысты алғаш рет сандық деректер арқылы дәлелдеуге тырысты. Зерттеу нәтижелері Global Physics Summit аясында таныстырылды. Ғылыми топ шамамен 150 жылды қамтитын 37 мыңға жуық әйел киімінің бейнесін талдаған.
Зерттеушілер көйлек ұзындығы, бел сызығының орналасуы, мойын ойығының пішіні сияқты элементтерді өлшеп, сәнді нақты сандарға айналдырған. Бұл тәсіл киім дизайнын математикалық модель арқылы зерттеуге мүмкіндік берді.
Ғалымдардың айтуынша, сәндегі циклдің негізінде қарапайым әлеуметтік парадокс жатыр: адам бір жағынан көпшіліктен ерекшеленгісі келеді, екінші жағынан қоғам нормасынан тым алшақтағысы келмейді. Белгілі бір стиль кең тараған сайын, дизайнерлер мен тұтынушылар жаңа бағыт іздей бастайды. Бірақ бұл өзгеріс бірден емес, біртіндеп жүреді, дәл осы процесс толқынды динамиканы қалыптастырады.
Мысалы, юбка ұзындығы айқын циклдік өзгерістерге бағынады. 1920 жылдардағы қысқа «флэппер» стилінен кейін 1950 жылдары ұзын әрі жабық үлгілерге сұраныс артты. Ал 1960 жылдардың соңында мини қайтадан сәнге айналды. Осылайша шамамен әр 20 жыл сайын бұрынғы трендтер жаңа формада қайта оралып отырады.
Дегенмен, зерттеу көрсеткендей, соңғы онжылдықтарда бұл заңдылық әлсірей бастаған. 1980 жылдардан бері сән бір ғана бағытқа емес, бірнеше параллель трендке бөлінді. Бүгінде мини, миди және макси ұзындықтары қатар өмір сүріп, сән кеңістігін әртараптандырып отыр.
Ғалымдардың қорытындысы біреу: мода – кездейсоқ құбылыс емес. Ол қоғам психологиясы мен талғам эволюциясының айнасы ретінде белгілі бір ырғақпен дамиды. Ал бұл ырғақты түсіну – болашақ трендтерді болжаудың кілті болуы мүмкін.