6,8 млн теңге: Екібастұзда әкімдік қызметкерлері құмар ойындарға ақша салған

Бүгін, 15:17 / Алуа Арман
istockphoto.com

Екібастұз прокуратурасы әкімдік қызметкерлерінің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілерін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, лауазымды тұлғалар заңнамалық тыйымға қарамастан букмекерлік кеңселерде белсенді шоттарға ие болған.

Мысалы, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісінің жеке шоты бойынша айналым 6,8 млн теңгені құраған.

Ұқсас заң бұзушылықтар ауылдық округ әкімі, Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының орынбасары, сондай-ақ қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің жеті қызметкері тарапынан да анықталды.

Қызметтік тексеру нәтижелері бойынша барлық құқықбұзушылық фактілері жөніндегі материалдар Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесіне жолданды.

Мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын сақтауға бақылауды әлсіз жүргізгені үшін қала әкімі аппаратының жауапты басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Тэгтер:

құмар ойын Екібастұз Әкімдік