Астанада қажылыққа апарамын деп алдаған ер адам тергеліп жатыр

Бүгін, 14:40 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Астанада туристік компанияда жұмыс істеген 27 жастағы ер адамға қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өзін туристік компания қызметкері ретінде таныстырған ер адам қажылық сапарды ұйымдастыруды уәде етіп, азаматтардан миллиондаған теңге жинап алған. Алайда уәде орындалмай, жәбірленушілер саны артып отыр.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті азаматтарға Мекке қаласына қажылық сапарын ұйымдастырып беремін деп уәде берген. Ол жолдама, виза рәсімдеу және әуе билеттерін алып беру қызметтерін сылтау етіп, жәбірленушілерден алдын ала ақша алған. Алайда уәде етілген қызмет орындалмаған.

Қазір 13 эпизод анықталды. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 2,2 млн теңгені құрайды. Тергеу барысында жәбірленушілер саны артуы мүмкін екені жоққа шығарылмайды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктінің өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.