Иран президенттеріне үміткерлердің тізімі 23-сәуірде жарияланады
Иран президенттеріне үміткерлердің тізімі 23-сәуірде жарияланады
Иран телеарналарының хабарлауынша, бұрынғы президент Махмуд Ахмединежад мамыр айында өтетін президент сайлауына қатыстырылмайтын болды деп жазады Азаттық радиосы.
Бұған дейін Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи Ахмединежадты сайлауға түспеуге шақырған еді. Бірақ экс-президент соған қарамастан президенттікке кандидат болуға тіркелген болатын.
Ахмединежад 2005-2013 жылдары Иран президенті қызметін атқарып, шетелде Израильдің атына айтылған пікірлерімен есте қалған. Ол әсіресе Холокостың ауқымына күмән келтіріп, Иранның ядролық бағдарламасын кеңейтуге әрекеттенген. Хаменеи Ахмединежадтың сайлауға түсуі "жағдайды поляризациялап, елге зардабын тигізетінін" мәлімдеген. Сайлауға кандидат ретінде іс басындағы президент Хассан Роухани мен қатаң саяси бағытты жақтайтын Ибрахим Раиси тіркелген.
Хаменеидің жақын серігі, 56 жастағы Раиси 68 жастағы Роуханиге басты бәсекелес болады деген болжам бар. Раисиді сонымен қатар қатаң саясатты қолдайтын фракциялар, соның ішінде ықпалды Ислам революциясын қорғау корпусы да қолдауы мүмкін. Роухани 2015 жылы әлемдік державалармен Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісім жасасқан. Бірақ ол келісімнен күткендегідей экономикалық өсім болмай, ирандықтардың келісімнен көңілін қалдыра бастаған. Бұл Роуханидің рейтингіне де кері әсер етті. Президенттікке кандидат болудан үміткерлерді тексеріп, кімді тіркеу мәселесімен айналысатын ықпалды консерватор діни қайраткерлерден құралған Қадағалау кеңесі президенттікке түпкілікті кандидаттардың тізімін жасағанын мәлімдеді. Тізімді 23 сәуірде ішкі істер министрлігі жарияламақ.