Ақтөбе облысындағы жантүршігерлік апатқа қатысты тың дерек шықты

Бүгін, 17:22 / Алуа Арман
Фото: Instagram/aktobe_zello

17 наурыз күні Ақтөбе – Атырау тас жолында, Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді маңында жол-көлік оқиғасы болды. Жолда ВАЗ және DAF көліктері соқтығысқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жол апаты салдарынан ВАЗ көлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Қаза болғандардың барлығы Темір ауданының Тасқоспа ауылының тұрғындары. Бұл ақпаратты ауылдық округ әкімдігі растады. Олардың арасында ерлі-зайыпты мен олардың немересі болған.

“Өте өкінішті, бұл апатта біздің Кеңқияқ ФОК-ының волейбол жаттықтырушысының ата-анасы мен қызы қаза тапты. Қыз шамамен 4 жаста еді. Ол ата-әжесіне қонаққа барған. Кеше олар оны үйіне апара жатқан. Туыстарына қайғырып көңіл айтамыз”, – деді Кеңқияқ тұрғыны Ардақ Кубашева.

Зардап шеккендердің бірі ауыр жарақат алып, Байғанин аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 33 жастағы ер адамның жағдайы ауыр, ол комада жатыр. Оқиға орнына санитарлық авиация мамандары жіберілді.

Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Тэгтер:

Жол апаты Ақтөбе облысы