Оятқыш жоқ кезде адамдар қалай оянған?

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: jeffreyrubel.substack.com

Бүгінде оятқыш көмегінсіз ұйқысынан тұратындар өте аз. Алайда бұрын мұндай құрылғылар болмаған кезде адамдар уақытында ояну үшін түрлі ерекше тәсілдерді қолданған, деп хабарлайды turkystan.kz BBC-ге сілтеме жасап.

"Тірі оятқыштар" дәуірі

Өнеркәсіптік төңкеріс кезінде Ұлыбританиядағы зауыттарда жұмыс уақыты қатаң тәртіпке бағынды. Жұмысқа бірнеше минут кешіккен адамның өзі бүкіл өндіріс желісін тоқтатуы мүмкін еді. Сол кезеңде оятқыш сағаттар болғанымен, олар қарапайым жұмысшылар үшін тым қымбат болды.

Осылайша knocker uppers деп аталатын ерекше мамандық пайда болды, яғни олар адамдарды оятумен айналысатын қызметкерлер еді. Олар таңертең көшелерді аралап, терезелерді таяқпен қағып немесе арнайы үрмелі түтік арқылы бұршақ лақтырып, клиенттерін оятатын. Мұндай адам оятқыштар клиенті оянғанына көз жеткізбейінше, ол жерден кетпейтін болған.

Мұндай дәстүрлер басқа қоғамдарда да кездескен. Мысалы, Рамазан айында мұсылман қауымында адамдарды таң намазына және ауыз бекітуге оятатын арнайы адамдар болған.

Табиғи оятқыштар

Оятқыштар пайда болғанға дейін адамдар көбіне табиғи белгілерге сүйенген. Күннің шығуы адам ағзасының циркадтық ырғақтарын реттеп, ояну уақытына сигнал берген.

Сонымен қатар адамдарды оятатын тағы бір табиғи дыбыс әтештің шақыруы болған. Зерттеулерге қарағанда, әтештер таң атқан кезде ғана емес, өздерінің биологиялық сағатына сәйкес шақырады.

Қоңыраулар мен шам сағаттар

Орта ғасырларда уақытты анықтаудың тағы бір тәсілі – шіркеу қоңыраулары еді. Әсіресе Батыс Еуропада адамдар күн тәртібін шіркеу қоңырауының соғуына қарап жоспарлаған.

Бұдан бөлек, бұрын шам сағаттар да қолданылған. Арнайы шамдар жанған сайын ішіндегі металл инелер белгілі бір уақытта түсіп, дыбыс шығаратын. Бұл адамдарға сағат сайын уақыт өткенін білдіріп отырған.

Алғашқы механикалық оятқыштар

Алғашқы механикалық оятқыш 1787 жылы жасалғанымен, ол тек 1876 жылдан кейін ғана кең тарала бастады. Дегенмен бастапқыда олар сенімсіз әрі қымбат болғандықтан, көпшілік пайдалана алмады.

XX ғасырдың басында оятқыш сағаттар арзандап, жаппай қолданысқа енгеннен кейін knocker uppers сияқты мамандықтар біртіндеп жоғалып кетті.

Тэгтер:

Оятқыш