«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі Премьер-Министр Олжас Бектеновке жоғары оқу орындарындағы білім сапасын бақылауды цифрлық технология арқылы жетілдіру қажет екені туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутаттың пікірінше, кейбір университеттер мен колледждерде студенттер формалды түрде тіркелсе де, сабаққа қатыспайды немесе оқу бағдарламасын толық меңгермейді. Бұл білім беру сапасын төмендетіп, болашақта жұмыссыздық пен әлеуметтік тәуелділіктің артуына ықпал етуі мүмкін.
Әбутәліп Мүтәлі атап өткендей, қазіргі дәстүрлі бақылау жүйелері жеткіліксіз, сондықтан аралық және қорытынды емтихандарды прокторинг, жеке тұлғаны цифрлық сәйкестендіру және талдамалық жүйелер арқылы цифрлық форматта өткізу маңызды. Бұл рәсімдер білім беру процесінің ашықтығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады және нәтижелерді өзгерту мүмкіндігін болдырмайды.
Сауалда Үкіметке мына мәселелерді қарастыру ұсынылған:
1. Жоғары білімнің мемлекеттік стандарттарына цифрлық бақылау құралдарын енгізуді қамтамасыз ету, «Мемлекеттік бірыңғай прокторинг жүйесін» құру;
2. Цифрлық бақылау мен аттестаттау рәсімдерін енгізудің жол картасын әзірлеп, нақты мерзімдері мен жауапты тұлғаларын белгілеу.
Депутаттың айтуынша, цифрлық аттестаттау жоғары оқу орындарының жауапкершілігін арттырып, кадрларды даярлау сапасын мемлекеттік бақылау үшін маңызды негіз болады.