Алматы облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу мен жолын кесуге, сондай-ақ құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған "Мигрант" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараның бірінші күнінде көші-қон қызметкерлері 277 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Республика аумағында болуға рұқсаты жоқ 18 шетел азаматы қабылдау-тарату орнына орналастырылды.
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстанның 53 азаматы жауапкершілікке тартылды. Олар шетел азаматтарының елде болуына немесе еңбек қызметіне байланысты заң бұзушылықтарға жол берген. Сонымен қатар сот шешімімен заң талаптарын өрескел бұзған 9 шетелдік ел аумағынан шығарылды.
Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері жүргізген профилактикалық іс-шаралар барысында салынып жатқан нысандардың бірінде заңсыз жұмыс істеп жүрген көрші мемлекеттің 12 азаматы анықталды.
Аталған жұмыс "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында жүргізілуде. Ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға бағытталған.
Құқық қорғау органдары көші-қон заңнамасын сақтау – бұл тек міндет қана емес, сонымен қатар қоғамдық тұрақтылықтың маңызды кепілі екенін еске салды.