Дүйсенбай Тұрғанов: АӨС-тің 16-сы ғана шын мәнінде жұмыс істеп тұр

Бүгін, 13:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: parlam.kz

"AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына автоматтандырылған өлшеу станцияларын (АӨС) пайдалану кезіндегі заң бұзуға қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы жүк тасымалын басқаруда жасанды интеллектке негізделген цифрлық платформаны жедел енгізуді тапсырған. Алайда бұл бағыттағы жұмыстың сапасына қатысты бірқатар сұрақ туындап отыр.

Қазір елімізде шамамен 60-қа жуық өлшеу станциясы орнатылған. Оның 30-ы республикалық маңызы бар жолдарда орналасқанымен, іс жүзінде тек 16-сы ғана жұмыс істейді. Соған қарамастан жүйеге қатысты шағымдар саны артып келеді.

Атамекен мәліметінше, станциялар толық автоматты режимге көшкеннен кейін жауапкершілікке тартылғандар саны үш еседен астам өскен. Алайда бұл заңдылықтың күшейгенін емес, керісінше жүйедегі кемшіліктерді көрсетуі мүмкін.

Тексеру барысында заң бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, станцияларды орнату және пайдалану талаптарының сақталмауы, артық салмақты дұрыс тіркемеу, сондай-ақ әкімшілік қаулыларды уақытында жібермеу фактілері тіркелген.

Сонымен қатар депутат автоматты тіркеу жүйесі ауыр жүк көліктерінің жолды пайдаланғаны үшін төленетін төлемнің орнына қолданылып отырғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде жауапкершіліктің мәнін бұрмалап, мемлекет пен бизнес арасындағы тепе-теңдікті бұзады.

Тағы бір маңызды мәселе – өлшеу дәлдігі. Қолданыстағы нормалар бойынша жалпы салмаққа ±14%, ал осьтік жүктемеге ±19% қателік шегі қарастырылған. Бұл көрсеткіштер жүйенің дәлдігі шектеулі екенін аңғартады.

Депутаттың пікірінше, аталған мәселелер автотасымал саласында талаптардың шамадан тыс күшеюіне, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің артуына және кәсіпкерлік жағдайдың нашарлауына әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты Үкіметке келесі шараларды қарастыру ұсынылды:

– АӨС-ті автоматты режимде қолдану тәжірибесіне және айыппұл есептеу тәртібіне құқықтық баға беру;
– барлық станцияларды техникалық талаптарға сәйкестігі бойынша тексеру;
– қателік шектері ескерілмей шығарылған қаулыларды қайта қарау;
– көлік өткен сәтте өлшеу нәтижелерін көрсету және қаулыларды жолдау мерзімдерін нақты белгілеу.

Тэгтер:

Дүйсенбай Тұрғанов АӨС