Ерлан Қошанов: Халықтың жаңа Конституцияны қолдап, 87% дауыс беруі – Президентке деген зор сенімнің дәлелі

Бүгін, 13:01 / Дана Ізтілеуова
gov.kz

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Мәжіліс отырысында күні кеше жаңа Конституциясын қабылдаған еліміздің Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолында батыл қадам жасағанын, халықтың Президенттің маңайына ұйыса түскенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бүгінгі бас қосуымыздың орны бөлек. Бұл – Мәжілістің жаңа Ата заң қабылданғаннан кейінгі бірінші жалпы отырысы. Кеше Конституцияның қабылдануына арналған салтанатты жиын өткенін білесіздер. Онда Мемлекет басшысы Ата заң ел дамуындағы жаңа дәуірге жол ашатынын атап өтті. Біз Қуатты, Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолында батыл қадам жасадық. Референдум еліміздің Президент бағдарының маңайына ұйысып, барынша тұтастана түскенін көрсетті. Жұртшылықтың осы тарихи іске белсене қатысып, жаңа Конституцияны 87% қолдап дауыс беруі – халықтың Мемлекет басшысына деген зор сенімінің айқын дәлелі. Ата заңға тікелей ұйытқы болып, оған көптеген прогрессивті новеллалар енгізген Президентіміздің нағыз жеңісі. Бұған әлем елдері де назар аударып, лайықты бағасын берді. Мемлекет басшысының атына шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтаулар түсіп жатыр», – деді ол.

Мәжіліс төрағасы жаңа Ата заң мәтінін әзірлеуге ат салысқан депутаттық корпусқа алғыс айтты.

«Бұл ретте, жаңа Халықтық Конституцияның халықтан жаппай қолдау тапқаны – біз үшін зор мерей. Бұған өңірлердегі кездесулер барысында да нақты көз жеткіздік. Депутаттар Коалиция құрамында барлық аймақты аралап шықты. Еңбек ұжымдарымен кездесіп, ауыл-ауылда, аудандар мен қалаларда тұрғындармен ашық әңгіме өрбіттік. Жаңа Ата заң мәтінін әзірлеуге де әріптестеріміз бір кісідей атсалысты. Сол үшін бүкіл депутаттық корпусқа шынайы алғысымды білдіремін. Кеше біраз депутат тікелей Президент қолынан жоғары награда алды. Сондай-ақ, саяси партиялардың да қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн. Жауапты сәтте бәріміз бірге жұмылып, Мемлекет басшысына қолдау көрсете білдік», – деді ол.

Ерлан Жақанұлы алда аса маңызды, ауқымды міндеттер тұрғанын айтып, қысқа мерзім ішінде конституциялық өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігіне тоқталды.

«Құрметті әріптестер, жұмысымыз мұнымен бітпейді. Алдымызда аса маңызды, аса ауқымды міндеттер тұр. Кеше Президент Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Шындап келгенде, біздің негізгі жұмысымыз енді басталады. Депутаттар корпусы қысқа мерзім ішінде конституциялық өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан бекітуді қамтамасыз етуі керек. Жақын арада бірқатар заң жобасы Парламент қарауына енгізіледі. Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңадан бес конституциялық заң қабылдаймыз. Сонымен бірге тағы сегіз конституциялық заң мен 60-тан астам түрлі заңдарға түзету енгізуіміз қажет. Бұл – өте жауапты міндет. Бұдан бөлек, Президентіміз бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жариялау жөнінде шешім қабылдады. Сессия соңына дейін бұл заңды да қабылдауға тиіспіз. Сондықтан бізге – депутаттарға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Жаңа Конституцияның нақты іске асуын қамтамасыз ету бізге бұйырып отырғаны – зор мәртебе. Сондықтан осы тарихи миссияны абыроймен атқарайық! Президентіміз айтқандай, біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Ендеше, Ата заңымыз келер ұрпақтарымызбен бірге жасай берсін!», – деді ол.