«Нұрлы Жол – Семей» бағытындағы пойыз жаңа вагондармен толықты

Бүгін, 12:06 / Інжу Әлихан
ҚТЖ

17 наурыздан бастап №353/354 «Нұрлы Жол – Семей» бағыты бойынша қатынайтын пойыз құрамына RWS Wagon компаниясының жаңа вагондары енгізіледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жаңартылған вагондар жолаушыларға жол жүру кезінде барынша жайлы жағдай жасауға бағытталған. Пойыз құрамы 9 вагоннан тұрады: 3 купелік, 5 плацкарт және 1 штабтық вагон. Бір бағытта пойыз 350-ден астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді.

Пойыз күнара қатынайды. «Нұрлы Жол» станциясынан 17:55-те, ал Семей станциясынан 16:45-те жөнелтіледі.

Бұған дейін аталған бағытта 1993 жылы шығарылған вагондар қолданылған. Қазіргі уақытта пойыз құрамы жаңа буындағы заманауи вагондармен жаңартылды.

Жаңа вагондар дизайн, қауіпсіздік және жайлылық бойынша халықаралық талаптарға сәйкес жасалған. Купелерде эргономикалық ұйықтайтын орындар, жеке жарықдиодты шамдар, USB-порттар және электр желісіне арналған розеткалар орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы купелер мен арбаға арналған орындар, сондай-ақ, жолсерікті шақыру батырмасы қарастырылған. Вагондардың қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін.

Соңғы екі жыл ішінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ RWS Wagon (ЗИКСТО) өндірісінің 219 вагонын сатып алды. Жаңа вагондар сондай-ақ, «Ақтөбе – Атырау», «Павлодар – Түркістан», «Павлодар – Алматы», «Қызылорда – Семей», «Алматы – Саратов», «Алматы – Өскемен», «Астана – Көкшетау», «Астана – Бурабай курорты», «Қарағанды – Астана» бағыттарында да қатынауда.

Вагон паркін жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ұлттық тасымалдаушының негізгі стратегиялық бағыттарының бірі саналады. 2030 жылға дейінгі жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жолаушылар вагондары толықтай жаңартылады.