Алматыда 13 жасар баланы тоқ ұрып, жансақтау бөліміне түсті. Ол электромобильдерді қуаттайтын бекеттің жанындағы қоршаудан секіріп өтпек болған, деп хабарлайды turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна хабарлауынша, баланың сол сәтте қолы кернеуі бар сымға тиіп кетіпті. Осыдан кейін өзге тұрғындар да ұл-қызының қауіпсіздігіне алаңдаулы. Онсызда бекеттің кесірінен кептеліс пайда болып, қаптаған жүргізушілер тынышымызды алды дейді.
"Ауыз ашарға дейін балам келді үйге жылап тоқ ұрды деп. Басында мән берген жоқпыз. Потом жарты сағаттан кейін уже аяғым ауырып жатыр, қолым ауырып жатыр дегеннен кейін қорыққанымыздан скорый шақырдық. Скорый келгеннен кейін шұғыл жаңағы кардиограммасын түсіріп, баланы в срочном порядке реанимацияға алып кету керек деді. 21:21 – тоқ ұрғанда прям жабысқан. Но каким то чудом жіберіп үлгердім дейді", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Данияр Балмағамбетов.
Енді мұндағы тұрғындардың бәрі балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы. Тоқпен жүретін көліктерді қуаттайтын бекет 2 жылдан бері берекемізді қашырып жіберді дейді олар. Айтуларынша, соның кесірінен тұрғын-үй кешеніне кіріп-шығатын жалғыз жолда үнемі кептеліс. Бұған қоса, бекет тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан, түнде де адам мен көлік қаптап, тынышымызды қашырды деп отыр.
"Бұл үйде 500-ден астам адам тұрамыз. Үйге кіріп-шығатын бір ғана жол бар. Енді оған тәулік бойы келетін таксилер қосылды. Жүргізушілер көліктерін қуаттау үшін 30-40 минуттан тұрады. Аулада балалар алаңы бар. Сондықтан бұл біз үшін өте қауіпті. Мемлекеттік органдар да, жер иелері де, осы жерде жұмыс істеп отырған кәсіпкерлер де біздің ескертуімізді елемейді", - дейді Гүлзия Асылбекова, Алматы қаласының тұрғыны.
Тұрғындар бұл бекеттің жұмысына әу бастан үзілді-кесілді қарсы болған. Жауапты мекемелерге де сан мәрте шағым түсірген. Кейін мұнда тексеріс жүргізіліп, ұсақ заң бұзушылықтар анықталыпты. Ал бекет иесі рұқсат қағазым бар, бәрі заң аясында деп ағынан жарылды.
"Біз ешкімге кедергі келтіріп жатқан жоқпыз. Көліктер де қатты шу шығармайды. Түнгі уақытта қолайсыздық болмас үшін арнайы күзет те қойдық. Жақында жүргізілген тексерістердің бәрінен өттік, қорытындыларымыз да бар. Қазір мәселені толық шешу үшін сымды жердің астына көму нұсқасын қарастырып отырмыз. Бұл қымбатқа түссе де, қауіпсіздік үшін соған дайынбыз", - дейді ЖШС директоры Евгений Якубин.
Дегенмен жұрт бекетті бұл жерден мүлдем алып тастауды талап етуде. Ал энергетикалық қадағалау басқармасындағыдар 10 сәуірге дейін қайта тексеріс жүргізіп, тиісті шаралар қабылданады деп уәде етті.