Ақмола облысында полицейлер құрамында алтын бар материалды алу үшін кенді заңсыз өңдеумен айналысқан жасырын цехты анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Цехтың ұйымдастырушысы Ақсу кентінің 21 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол кенді тиісті рұқсат құжаттарынсыз өндіріп, өңдеумен айналысқан.
Оқиға орнынан полиция қызметкерлері ұсақтау аппараттарын, жуу қондырғыларын, электрқозғалтқыштарды және басқа да арнайы жабдықтарды тәркіледі.
Сонымен қатар, алтын құрамды материал салынған 55 қап алынды. Олар тергеу барысында заттай дәлел ретінде пайдаланылатын болады.
Аталған заңсыз цех қызметіне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бағалы металдардың құрамын анықтау және мемлекетке келтірілген шығынды бағалау үшін бірқатар сот сараптамалары тағайындалды.