Бақытгүл Хаменова қамалмайтын болды

Бүгін, 16:48 / Інжу Әлихан
azh.kz

Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменованың түрме жазасы бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды, деп хабарлайды turkystan.kz АқЖайыққа сілтеме жасап. 

Кішкентай баласының болуына байланысты жазасын өтеуді үш жылға кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін шешім қабылданды.

Атырау қаласының №2 соты 16 наурызда пробация қызметінің ұсынысын қарады. Бұған дейін үш жылға берілген жазаны өтеу мерзімінің кейінге қалдырылуы 10 наурызда аяқталған еді.

Сотта хабарланғандай, осы уақыт ішінде Хаменова қоғамдық тәртіпті бұзбаған, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған және бала тәрбиелеу міндетін орындаған.

Осыған байланысты сот ұсынысты қанағаттандырып, өтелмеген жазаны 7 жылға бостандығын шектеп, сол мерзімге пробациялық бақылаумен алмастырды.

Еске салсақ, 2022 жылғы 15 қарашада дәл осы сот Хаменованы Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша — пара алу дерегі үшін кінәлі деп танып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған болатын. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте өмір бойы лауазым атқаруға тыйым салынды.

Жазаны өтеу мерзімі оның кішкентай баласы болғандықтан үш жылға кейінге қалдырылған еді.

Іс материалдарына сәйкес, пара көлемі 4,5 млн теңге болған. Ол Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнату жобасына қатысты алынған. Сот сондай-ақ мүлікті тәркілеу туралы шешім шығарды.

Хаменова кінәсін мойындамағанымен, сот үкімі өзгеріссіз қалды.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның салтанатты шараға қатысқан видеосы тараған еді. Бас прокуратура бұл жағдайда заң бұзушылық болмағанын, оған пробация қызметінің рұқсат бергенін түсіндірді.