Шымкентте ұландықтар Наурызнама онкүндігін тойлауда

Бүгін, 15:07 / Алуа Арман

Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде әскери қызметшілер дәстүрімізді ұлықтаған ұлы мейрам әз-Наурыз мерекесін тойлауды бастады. Наурыз мейрамы бүгінде елімізде тек бір күн емес, онкүндік мерекелік кезең ретінде жаңаша тойланып жүр. Бұл дәстүр халқымыздың көне мәдениетіндегі көктемді қарсы алу рәсімдерін насихаттап, салтымызды жаңартуға негізделген, деп хабарлайды turkystan.kz.

14 наурыз – Көрісу күні амандық сұрасып, үлкенге құрмет көрсетіп, жүректерді жақындатқан ерекше күн. Осы күні әскери қызметшілер тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза болған жауынгер старшина Қ. Бақбаевтың батыр ұл тәрбиелеген ардақты анасы - Ұрқия апамен көрісіп, сый-құрмет көрсетті.

15 наурыз – Қайырымдылық күні әскери бөлімде «Мейірім жүректен», «Жақсылық жасап жарысайық» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, әскери қызметшілер тарапынан ерекше қолдау тапты. Қанымызда бар қасиет қайырымдылық пен қамқорлық, ізгілік арқылы игі іс жасауға бастама болған акцияда жиналған азық-түлік заттар бірнеше жанның жүрегіне жылу сыйлары хақ.

Жауынгерлеріміз 16 наурыз – Салт-дәстүр күніне орай Шымкент қаласының көрме залында ұйымдастырылған «Жарапазан fest» фестиваліне де барып, ескі дәстүрді жаңғыртқан жаңаша іс-шараның көрермені болды.

Отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, әке-шеше, ата-әжені құрметтеуге бағытталған Шаңырақ күні - әскери қызметшілер үлгілі әскери қызметшілердің ата-анасы мен көненің көзі, қазыналы қарты бар жанұяларды мерекемен құттықтап қуантты.

Ұлттық киім күніне арналған басты шара ретінде әскери қызметшілердің отбасы арасында әскери бөлімнің әлеуметтік парақшасында «Үздік ұлттық киім» онлайн-сайысы жарияланды. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпазды бөлім командирі 19 наурызда әскери бөлімде құттықтап, арнайы сыйлықтар табыстайтын болады.

Наурызнама онкүндігі бұнымен аяқталмақ емес, ұлттық мейрамымыз алдағы күндері жауынгерлеріміз арасында өтетін Ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылатын сайыспен және «Қош келдің әз-Наурыз!» атты мерекелік концертпен жалғасын таппақ.

Тэгтер:

Шымкент наурызнама ұлан