Әскери қызмет – ұрпақ шежіресі

Бүгін, 15:02 / Túrkistan Gazeti

Династия – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бір әулеттің өмірлік жолына айналған сабақтастық. Бұл – атадан балаға беріліп, уақыт өте келе отбасының мақтанышы мен дәстүріне айналатын құнды кәсіп пен адал еңбектің көрінісі. Осындай өнегелі жолды жалғастырып келе жатқан Ұлттық ұланның Бірыңғай есептеу орталығының орталық бастығы лауазымында қызмет етіп жүрген – майор Сандуғаш Оралханова. Ол өз отбасымен бірге Отанға адал қызмет етіп жүрген әскери қызметшілер әулетінің өкілі.

Сандуғаш Оралханова Түркістан облысының тау етегінде орналасқан ауасы таза, табиғаты өте әсем Төле би ауданына қарасты Ленгір қаласында дүниеге келген. Өмірінің алғашқы жылдарын осында өткізген. Кейін әкесінің жұмыс бабы бойынша қоныс аударып отырған.

− Әкем генерал-майор Шеримхан Шанбаев Оралханұлы әскери қызметші болған соң, менің балалық шағым үнемі көшіп-қонумен өтті. Біз отбасымызбен бірге Қазақстанның әр түкпіріне қоныс аударып, жаңа жерлерге бейімделіп отырдық. Білім жолын Түркістан облысындағы Бірінші Мамыр ауылындағы орта мектептен бастадым. Алайда көп ұзамай тағдыр бізді тағы да жолға шақырып, мен оқуымды Шымкент, Орал, Ақтау қалаларындағы мектептерде жалғастырдым. 11 жылдың ішінде 6-8 рет мектеп ауыстыруыма тура келді.  Әрбір жаңа қала − мен үшін жаң орта, достар мен ұстаздарды жолықтыруыма себепші болды. Бұл көшіп-қонулар мені шыңдап, кез келген жағдайға тез бейімделуді, адамдармен тіл табысуды үйретті. 11-сыныпты Ақтау қаласында аяқтағалы жатқан кезімде әкемді Орал қаласына бригада командирі қызметіне тағайындады. Осылайша менің де өмір жолым тағы бір жаңа белеске көшті. Жоғары білімді Орал қаласындағы Батыс Қазақстан тілдер және басқару «Еуразия» институтының экономика бөліміне оқуға түсуіме септігін тигізді, - дейді әскери қызметші.

Жоғары оқу орнын аяқтаған Сандуғаш Шерімханқызы әскери қызметші болып Ұлттық ұланға қызметке келген.

− Әскери қызметші жолындағы алғашқы қадамым 2008 жылы қараша айында 5517 әскери бөлімінде қаржы қызметінде басталды. Бұл кезең менің өмірімдегі ең жауапты әрі ерекше белестердің бірі болды. Жаңа орта, жаңа міндеттер мен үлкен жауапкершілік мені бірден есейтіп, өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Сол сәттен бастап мен өзімді маңызды жолдың басында тұрғандай сезіндім. Одан кейін мен Ұлттық ұланның 5570, 3660, 5573 және 6636 әскери бөлімдерінде қызмет етіп, қаржы саласын толық меңгеріп шықтым. Бұл жерде өз ісінің нағыз шеберлері қызмет етеді. Міне, сол тәжірибелі мамандардың қол астында жұмыс істеп, білім мен тәлім алу мен үшін зор мәртебе болды. Әрбір күн мені кәсіби тұрғыдан шыңдап, қызметке деген жауапкершілікті, әділдікті және терең білімді бойыма сіңіруіме мол мүмкіндік берді, - дейді ол.

Шендегі арудың әскер саласын таңдауы ұрпақ сабақтастығымен тығыз байланысты. Оралхановтар атадан балаға дейін әскери тізбекті жалғап келе жатқан үлкен әулеттердің бірі.

− Біз төрт ағайындымыз. Екі інім және бір сіңілім бар. Әкем Ұлттық ұланда взвод командирінен бастап бригада командирі, сонымен бірге Ішкі әскерлер Бас штаб бастығының орынбасары, «Оңтүстік» және «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығы орынбасары лауазымында қызмет атқарды және Ауған соғысының ардагері.  Анам бала бақшада мұғалім әрі тәрбиеші болып еңбек етті. Үлкен інім Болат − ҚР Қарулы Күштері, Әуе қорғанысы күштерінің Әскери-әуе күштері қолбасшылығы басқармасының байланыс штабында подполковник шенінде қызмет атқарады. Сіңілім Ақтолқын графикалық дизайнер мамандығын меңгеріп, шығармашылық жолды таңдады. Ал кенже інім Қайырбек жоғары оқу орнында заңгер мамандығында білім алып жатыр. Біздің әулетіміздегі әскери династияның негізін қалаған адам − атамыз Оралхан Шанбаев. Ол ауылда учаскелік полиция қызметкері болып, капитан шенінде адал қызмет атқарған. Қоғам тыныштығы мен халық қауіпсіздігін қорғауды өмірлік парызы санап, қызметін жауапкершілікпен атқарған. Өкінішке қарай, 1977 жылы қызметтік міндетін атқару барысында қылмыскердің қолынан қаза тауып, ел тыныштығы жолында жанын құрбан еткен. Бүгінде оның ерлігі мен есімі ұмытылған жоқ. Ленгір қаласындағы аудандық ішкі істер бөлімінде атамыздың бюсті орнатылған. Бұл − оның халқына адал қызметінің, батылдығы мен ерлігінің белгісі ретінде көрсетілген үлкен құрмет пен тағзым деп білеміз. Отбасымызда әскери қызмет жолын таңдауға әсер еткен тағы бір адам әкемнің нағашысы – полковник Айтжан Қалтаев. Ол әскери қызметте абыроймен еңбек етіп, көп марапатқа ие болған. Сонымен қатар Оралхан атамыздың төрт баласының үшеуі де шен тағып, осы әскери қызмет саласын таңдаған. Бүгінде олар зейнет демалысына шыққан ардагерлер. Әулетімізде әскери форма киіп, шен таққан полковник, подполковник, майор, капитан, сержант және прапорщиктер де баршылық, - дейді майор Сандуғаш Оралханова.

Әулет дәстүрінің жалғасуы отбасындағы ата-ананың тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесі ерекше әсер етеді. Әкенің жетістігі бала үшін үлкен құрметтің белгісі.

− Мен бала кезден әулетіміздегі жоғарғы жетістіктерді көріп өстім. Әкемнің әскери форма киіп, кеудесіне таққан әрбір ордені біз үшін үлкен мақтаныш еді. Әсіресе, оның әскери ордендерімен жарқырап, салтанатты түрде үйге келген сәттері біздің есімізде ерекше сақталған. Ондай кезде үй ішімізде ерекше қуаныш орнап, үлкен дастархан жайылып, барлығы оны құрметпен қарсы алатын. Отбасымыз әрдайым бірлік пен бауырмалдықты жоғары қояды. Біздің әрқайсысымыз әр салада еңбек етсек те, бәрімізді біріктіретін ортақ құндылық бар − ол отбасы тәрбиесі. Отанға деген адалдық және бір-бірімізге деген құрмет. Сол құндылықтар бізді өмір жолында алға жетелеп келеді. Анамыз шаңырағымыздың нағыз берекесі мен ұйытқысына айналды. Ол уақытын да, күш-жігерін де бізді тәрбиелеуге арнады. Бізге тек әріп танытып, сөз үйретіп қана қоймай, адамгершілікті, мейірімділікті, үлкенге құрмет пен кішіге қамқор болуды, адалдық пен жауапкершілікті бойымызға сіңірді. Әкеміздің сенімді серігі болды. Өмір жолындағы әр қадамында қолдау көрсетіп, қуанышы мен қиындығын бірге бөлісті. Ал, атамыздың өмір жолы біз үшін үлкен ерліктің көрінісі. Оның есімі біздің әулетіміз үшін әрдайым үлкен абырой мен жауапкершіліктің символы болып қала береді. Бала көңілге сол сәттердің әсері өте терең болды. Әскери формадағы ордендері жарқыраған азаматты көрген сайын бойымызда мақтаныш сезімі оянып, елге қызмет ету деген ұғымның қаншалықты қадірлі екенін сезінетінбіз. Мүмкін, дәл сол сәттер біздің жүрегімізде әскери жолға деген құрмет пен қызығушылықтың алғашқы ұшқынын жаққан шығар, - дейді майор.

Әскери қызметшінің өз жолындағы биік белестері нық қадаммен басталған. Қызмет барысында жинаған тәжірибесі мен іскерлігі оны жаңа белестерге жетелеп келеді.

− Әскери форманы алғаш рет киген сәтім әлі күнге дейін жадымда айқын сақталған. Сол сәтте жүрегімді бір жағынан мақтаныш, бір жағынан толқу мен аздап қорқыныш сезімі биледі. Бұрын азаматтық өмірде еркін жүріп үйренген жас қыз үшін бірден әскери форма кию оңай болмады. Бұл мен үшін жаңа өмірдің басталғанын білдіретін үлкен өзгеріс еді. Дегенмен, сол алғашқы күндерде әскери ортадағы құрбыларымның қолдауы мен көмегі маған үлкен демеу болды. Олар әрқашан жанымнан табылып, ақыл-кеңес беріп, жаңа ортаға бейімделуіме көмектесті, - дейді ол.

Сандуғаш Шерімханқызы әскери қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүрген аруларымыздың бірі. Жұбайының сенімді серігі, балаларының қуанышы. Тұла бойы тұңғышы десанттық-шабуылдық бригадасында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуде. Ал кіші ұлы мектеп қабырғасында оқиды.

− Шаңырақтың ұйытқысы ретінде отбасыдағы бір-біріне деген қолдау ерекше болу қажет. Бауырлардың, ата-ананың демеу болуы мен ақыл-кеңес беруі әулеттің беріктігін нығайтады. Біздің әулет дәстүрі қоғамға адал қызметтің, тәртіптің және отансүйгіштіктің үлгісін көрсетуді қалайды. Әр адам өз ісін адал атқарса, еліміз одан әрі нығайып, дамиды деп сенемін, - дейді шендегі ару.

Әулеттегі ұрпақ сабақтастығын сақтау, атадан балаға мұра ету өнегелі істің бірі. Әскери қызмет – шыдам мен төзімді, қайтпас қайсар мінезді талап етеді. Жауапкершілікпен істелген іс – әрқашан өз жемісін береді. Әскери әулеттің жалғасы шендегі әрбір азамат үшін мақтаныш пен батылдықтың көрінісі. Отбасындағы дәстүрді жалғастыру – отансүйгіштік пен рухтың бейнесі. Құндылықты сақтау арқылы кәсіптің қадірі артып, ұрпақ тәрбиесінде адал қызмет етудің жарқын үлгісі болады.

Ұлдана НУРАДИН

ҚазҰУ, 4-курс студенті