Президент Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында жастардың референдумдағы белсенділігін атап өтіп, жаңа Конституция ең алдымен өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Сондай-ақ осы тұста Қазақстан жастарының ерекше белсенді болғанын атап өту қажет. Олар заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтып кеткен «ұлттық жауапкершіліктің» озық үлгісін көрсетті. Мұны заңды құбылыс деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданып отыр.
Бұған дейін де айттым, қазір де қайталаймын: еліміздің болашағы – жастарымыздың қолында!
Мемлекет басшысы ретінде мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Жастарымыздың қарым-қабілеті айрықша, талант-дарыны мол, әлеуеті зор, күш-жігері мықты!
Қазақстанды әлемдегі ең озық, дамыған елдердің қатарына қосатын да – сіздер! Бұған еш күмәнім жоқ!
Бүгін төрге озып, тұғырына қонған жаңа Халық Конституциясы сіздерге бағдар беретін темірқазық болады. Себебі, бұл – келер ұрпақпен бірге жасай беретін қасиетті құжат», - деді Қ. Тоқаев.