Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.
"2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына байланысты ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының Конституциясы) мәтіні «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» мерзімді баспа басылымдарында жариялансын.
2. 1995 жылғы 30 тамыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының түпнұсқасы Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне сақтауға тапсырылсын.
3. Қазақстан Республикасы Конституциясының түпнұсқасы Қазақстан Республикасының Президентінде сақталады деп белгіленсін.
4. Орталық референдум комиссиясы Қазақстан Республикасы Конституциясының мәтінін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына:
1) «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы;
2) «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасы енгізілетіні айқындалсын.
6. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы Жарлықтың 5-тармағында көзделген заңнамалық актілердің жобаларын әзірлеуді және Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізуді қамтамасыз етсін.
7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына:
1) «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы;
2) «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заң жобасы енгізілетіні айқындалсын.
8. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті мемлекеттік органдары нормативтік құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
9. Қазақстан Республикасының Үкіметі 2026 жылғы 7 сәуірге дейін Қазақстан Республикасының Конституциясын ілгерілету жөніндегі жоспарды бекітсін.
10. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
11. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - делінген Жарлықта.