Қытайдың Сыртқы істер министрлігі Қазақстанды референдумның өтуімен құттықтады

Бүгін, 12:12 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қытайдың Сыртқы істер министрлігі Қазақстанды жаңа Конституция бойынша өткен референдуммен құттықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бейжің Қазақстанның Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жаңа жетістіктерге жететініне сенімді.

Қытайдың Global Times басылымының мәліметінше, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь бұл туралы 16 наурызда брифингте айтқан. Баспасөз конференциясында Қытайдың Орталық телеарнасының журналисі Қытай тарапының 15 наурызда Қазақстанда өткен жалпыхалықтық референдумды қалай бағалайтынын сұраған.

Линь Цзянь Қазақстанның дауыс беруді сәтті өткізгенін айтып, Қытай елінің құттықтауын жеткізген. Оның айтуынша, Қытай көрші-дос әрі жан-жақты стратегиялық серіктес ретінде Қазақстанның тұрақтылықты сақтап, гүлденіп жатқанына қуанышты.

Ол сондай-ақ Бейжің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елдің мемлекеттік құрылымда жаңа жетістіктерге жететініне, «Әділетті Қазақстанды» құра алатынына сенімді.

ҚХР СІМ өкілі Қытай тарапының екі жақты дамуға баса мән беретінін, Қазақстанмен бірге өзара тиімді серіктестікті нығайтуға, Қазақстан – Қытай серіктестігін жаңа деңгейге шығаруға дайын екенін жеткізді.

Тэгтер:

Қытай құттықтау СІМ Конституция серіктестік ҚХР референдум