Павлодарда зейнеткер әйел қарақшыға қарсылық көрсетті (ВИДЕО)

16 наурыз, 2026 / Өтей Торғайұлы
видеодан алынған скрин

Павлодар қаласында зейнеткер әйелді тонауға әрекет жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қылмыскерді ұстау мақсатында кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді.

– 11 наурыз күні полицияға тонау әрекеті туралы хабарлама түсті. Камзин көшесіндегі тұрғын үйдің лифтінде, кейін подъезінде белгісіз ер адам зейнеткердің азық-түлік салынған пакеті мен әмиянын тартып алуға тырысқан. Алайда күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Жедел қызметкерлер күдіктінің қашу бағыттарын, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеді. Нәтижесінде бұрын сотты болған Екібастұз қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.

Аталған факті бойынша тонауға оқталу дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Тэгтер:

Павлодар зейнеткер