«Жастар Рухы» жастар қанаты үгіт-насихат баспа материалдарын жинау бойынша ауқымды акция бастады

Бүгін, 19:34 / Дана Ізтілеуова

Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері ел аумағында ауқымды акция бастап, ақпараттық-түсіндіру науқаны аясында орналастырылған үгіт-насихат баспа материалдарын жинау және қоғамдық орындарды тазарту жұмыстарын қолға алды, дер хабарлайды turkystan.kz.

Бір ай бойы жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында жастардың белсенді қатысуымен республика бойынша 4 миллионнан астам үгіт плакаттары, парақшалар мен лифлеттер орналастырылды. Референдум аяқталғаннан кейін белсенділер мен еріктілер қоршаған ортаның және қоғамдық орындардың тазалығын сақтау мақсатында оларды жинау жұмыстарын ұйымдастырды.

Тазалық акциясы қоғам тарапынан кең қолдау тапқан Мемлекет басшысының жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өтуде. Жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тазалықты сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Жастар Рухы» белсенділерінің айтуынша, бұл бастама – тек науқанның қорытынды кезеңі ғана емес, сонымен қатар қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

«Біз үшін тек ақпараттық науқан өткізу ғана емес, атқарылған жұмысқа жауапкершілікпен қарау да маңызды. Сондықтан жапсырылған үгіт материалдарын жинау арқылы қалалар мен елді мекендердің тазалығын сақтауға өз үлесімізді қосып жатырмыз. «Таза Қазақстан» – бұл жай ғана экологиялық акция емес, әр азаматтың өз еліне деген жауапкершілігі мен қамқорлығының көрінісі», – деді Ақтөбедегі«Жастар Рухы» жастар қанатының белсендісі Владислав Толочко.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тазалық акциялары еліміздің барлық өңірінде жалғасады. Бұл бастамалар жастар арасында экологиялық мәдениетті арттыруға, сондай-ақ қоршаған ортаға жауапкершілікпен және ұқыпты қарау қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.

Айта кетейік, науқан аясында республика бойынша ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, шамамен 5 мыңға жуық кездесу ұйымдастырылып, онда 1,5 миллионнан астам жас қамтылды. Сонымен қатар офлайн және онлайн форматта түрлі ақпараттық-үгіттік іс-шаралар, әртүрлі акциялар, өңірлік перформанстар және ірі open-air форматындағы іс-шара өтті.