Әскери оркестр Қарағандыдағы қарттар үйінде концерт қойды

Бүгін, 19:03 / Дана Ізтілеуова

Наурыз мерекесі қарсаңында Қарағанды қаласында орналасқан Ұлттық ұланнның 6505 әскери бөлімінің әскери оркестрі игі бастама көтеріп, «Добрые руки» қарттар үйіне арнайы барып мерекелік концерттік бағдарлама ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ізгілік пен қамқорлыққа толы бұл шараның басты мақсаты – аға буын өкілдеріне мерекелік көңіл күй сыйлап, олардың еңбегіне құрмет көрсету болды. Әскери оркестр музыканттары жиналған көрермендерге танымал әндер мен патриоттық шығармаларды орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Концерт барысында қарттар үйінің тұрғындары сүйікті әуендерін тыңдап, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Әсіресе, ұлттық нақыштағы әндер мен белгілі музыкалық шығармалар көпшіліктің жүрегінен орын алды. Қарттар өнерпаздарға алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің ерекше әсер сыйлайтынын атап өтті.

Айта кету керек, Наурыз мейрамы – жаңару мен жақсылықтың, бірлік пен ізгіліктің мерекесі. Осыған орай ұйымдастырылған бұл концерт мейірімділік пен жанашырлықтың айқын көрінісіне айналды.

Мұндай мәдени іс-шаралар әскери қызметшілердің қоғаммен байланысын нығайтып, рухани құндылықтарды насихаттауға ықпал етеді. 6505 әскери бөлімінің әскери оркестрі алдағы уақытта да осындай игі бастамаларды жалғастыра бермек.