Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі қайта жұмыс істей бастады

Бүгін, 18:23 / Дана Ізтілеуова

Қарағанды облысының 90 жылдығын мерекелеу аясында облыстық тарихи-өлкетану музейі реэкспозициядан кейін қайта ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жаңартылған экспозиция терең ғылыми зерттеулерге негізделіп, заманауи мультимедиялық технологиялармен үйлестірілген.

Музейдің 2025–2026 жылдардағы реэкспозициясы соңғы 13 жылдағы ең ауқымды қайта құру жобасы ретінде алғаш рет жүзеге асырылды. Жобаның негізгі мақсаты – өңір тарихын қазіргі ұрпаққа терең әрі мазмұнды түрде ұғындыру, оған жаңаша көзқарас қалыптастыру. Экспозициялық залдарда тақырыптық инсталляциялар, интерактивті аймақтар, мультимедиялық киоскілер, голограммалар мен проекциялық жүйелер орналастырылған. Келушілер архивтік құжаттармен сенсорлық экрандар арқылы танысып, сирек экспонаттар жөнінде кеңейтілген ақпарат ала алады.

Музей экспозициясында 13 зал бар және өңір тарихын көшпелі империялар дәуірінен бастап Қазақстанның Тәуелсіздік кезеңіне дейінгі уақытты қамтиды. Экспозицияда археологиялық олжаларға, қола және ерте темір дәуірі жәдігерлеріне, қазақ халқының материалдық мәдениетіне, сондай-ақ Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысының қалыптасу тарихына айрықша назар аударылған.