Әлемдегі ең ірі медиаплатформалардың бірі Reddit қолданушылары қатысқан онлайн-турнирде Қазақстанның Мемлекеттік Туы ең әдемі ту деп танылды, деп хабарлайды turkystan.kz Reddit-ке сілтеме жасап.
Интернет қолданушылары Flags of the World Tournament атты байқауда түрлі елдердің туларына дауыс беріп, ең ұнағанын таңдаған. Алдымен мемлекеттер географиялық аймақтарға бөлініп, топтық кезеңде жарысқа түсті. Кейін турнир олимпиадалық жүйе бойынша жалғасып, әр кезеңде жеңімпаз келесі айналымға өтті.
Қазақстан тобының ішінде Орталық Азия елдері арасында бірінші орын алып, кейінгі кезеңдерде бірнеше елдің туларынын басып озды. Атап айтқанда, Қазақстан Туы Tonga, Estonia, Montenegro және Brazil мемлекеттерінің туларына қарсы дауыс беруде жеңіске жетті.
Жартылай финалда Қазақстан Туы Сейшель мемлекетінің туынан басым түсті. Ал финалда Кирибати туын жеңіп, турнирдің басты жеңімпазы атанды. Үшінші орын Бутан туына бұйырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаз толықтай қолданушылардың ашық дауыс беруі арқылы анықталған.
«Қазақстан – біздің чемпион! Сіздер дауыс беріп, оны әлемдегі ең үздік ту деп таңдадыңыздар», – деп жазылған турнир қорытындысында.